«Үздік ауылдағы» өнер фестивалі
«Адал адам» тұжырымдамасы негізінде ауылдық округтерде өтіп жатқан өнер фестивалі Нағи Ілиясов ауылында жалғасты. Мәдени іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен мәдениет саласының майталмандары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Фестиваль барысында меймандар «Еңбек» аллеясында ауыл тарихымен танысып, шаруалардың жұмысына қанықты. Сонымен қатар «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасы бойынша жасалған түрлі бағыттағы жобалар көпшіліктің көңілінен шықты. Концерттік бағдарламада аудан әкімі өңірдегі өнер саласын дамытудағы ауқымды жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті ел тұрғындарының рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп атап өтті. Сондықтан елдің мәдениеті өркендеп дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы асқақ болады. Сыр өңірі – ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. Ауыл мәдениетін дамыту және тұрғындардың көңіл-күйін көтеру мақсатында «Мәдениет – өркениет мәйегі» тақырыбында фестиваль ұйымдастырыла бастады. Мұндағы мақсат – аудандағы мәдениет мекемелері мен кітапханалардың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерін насихаттау, үздіктерді анықтау және оларды ынталандыру, қызметкерлердің кәсіби беделін арттыру. Бүгінгі фестиваль аясында Н.Ілиясов ауылының «Ақ әжелер» ансамблін биылғы 15 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Айта кетейік, «Ақ әжелер» ансамблі 15 жыл ішінде аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді. Ансамбль мүшелері ұстаз, дәрігер, есепші еңбек ардагерлерінен құралса да бір ұжымға топтасып, халыққа өнерімен танылған. Республикалық, облыстық байқауларда аудан мерейін үстем етіп жүр. Атап айтқанда, жуырда ғана Алматы қаласына арнайы барып, «Кел, шырқайық» телевизиялық байқауынан жүлделі І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен «Шуақты шақ» атты республикалық ән байқауында өнерлі әжелеріміз биіктен көрінді.
Көңілді кеш барысында аудан басшысы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелерін «Алғыс хатпен» марапаттады. Мән-мағынасы зор кеште ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірме мүшелері өнер көрсетті. Халық әндері шырқалып, күмбірлеген күй төгілді.
«Тт» ақпарат