Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кезектен тыс ХХХV конференция өтті

Кезектен тыс ХХХV конференция өтті

Бүгін аудандық партия филиалының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының кезектен тыс ХХХV (35-ші) конференциясы өтті. Кезектен тыс конференцияға 24 бастауыш партия ұйымынан 51 делегат қатысты. Конференция жұмысына аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлы қатысып, төрағалық етті.

Конференцияның күн тәртібінде 2 мәселе қаралды:

1. «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасының жобасын талқылау;

2. «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXIX (29) конференциясына делегаттар сайлау туралы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Жақып Еркебұлан Төлепбергенұлы хабарлама жасап, партия саяси тұғырнамасы жобасымен таныстырды. «Жетекші партияның саяси құжаты «Адам – Қоғам – Мемлекет» принципіне құрылғандығын, «Әрбір адам лайықты білім мен медициналық көмек алуға, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруға құқылы екендігін, сонымен қатар, Қазақстан азаматы өз елі, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруі керек екендігі» саяси тұғырнамада көрсетілгендігін атап өтті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша аудандық партия филиалының консультанты Б.Ахметов хабарлама жасап, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXIX (29) конференциясына Сырдария ауданынан қатысатын делегаттарды таныстырды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаулы бірауыздан қабылданды.

Конференцияны қорытындылаған Мұрат Нәлқожаұлы «Партияның саяси тұғырнамасы болашақтағы бағыт пен даму бағдарларын, қағидаларын қамтиды. Ол бізді Әділетті Қазақстанды құруға тағы бір қадам жақындатады», – деп атап өтті.
29 қыркүйек 2022 ж. 577 0