Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТАНА САПАРЫ ТЫҢ СЕРПІН СЫЙЛАДЫ

АСТАНА САПАРЫ ТЫҢ СЕРПІН СЫЙЛАДЫ


Ел дамуын алға жетелейтін маңызды салалардың ішінде білім саласына жүктеле­тін міндет ауқымды, жауапкершілік зор. Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақтарды тәрбиелеуде қажырлы еңбек сіңіретін ұстаздарға қандай құрмет көрсетілсе де ла­йықты. Серпінді Сырдария ауданында мұғалім мәртебесін көтеру ұстаздардың біліктілігін арттыру, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Яғни, жұмыс барысында жақсы жетістіктер мен нәтижелерге жеткен ұлағатты ұстаздарға қолдау жан-жақты көрсетілуде.
Жақында Астана қаласының 20 жылдығына орай облыс орталығындағы Б.Шөкенов атындағы саябақта аймақтың бірқатар ұстаздарына Астана қаласына туристік саяхатқа жолдамалар тапсыру рәсімі өтті. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарованың ұйым­дастыруымен өткен шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысып, бізге Астана қаласына саяхаттауға тегін жолдама табыс етті.
Аталған жолдаманы ағымдағы жылдың наурыз айында өткен «Жолдау жолымен – білім биігіне!» атты байқауда жеңіске жеткен және байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан ұстаздар иемденді. Бұл біз үшін зор қуаныш және үздіксіз ізденіске толы еңбегімізге берілген лайықты баға болды.
Аталған жолдама арқылы сырдариялық ұстаздармен бірге шілде айының 4-7 күндері аралығында еліміздің бас қаласы Астананың тарихи-мәдени орындарын аралап, сәулетті нысандармен таныстық. Елбасының тікелей бастамасымен бой көтерген «Бәйтерек» монументі және «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесі өткен алаңға, «Әзірет-Сұлтан» мешітіне, тағыда басқа нысандарға бардық. Сонымен бірге, Астананың 20 жылдығына орай Қызылорда облысынан тарту ретінде салынған «Зымырандық-ғарыштық техниканың ашық аспан астындағы музейін» араладық. Өзге аудандардағы әріптестерімізбен пікір алмасып, ой бөлістік. Бас қала сапарынан ерекше әсер алдық.
Ауданның білім саласын дамыту бағытында атқарған еңбегімізді елеп бізге зор қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетіне, аудандық білім бөліміне, білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетіне алғыс айтамыз. Алдағы уақытта өзімізге артылған міндетті сапалы атқару жолында аянбай еңбек ете береміз.

Жазира Оспанова,
№210 О.Әбілпаттаев атындағы
орта мектебінің мұғалімі
18 шілде 2018 ж. 909 0