Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ


Елбасы Жолдауына қатысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Райкүл Байназарова өз пікірін білдірді.
    Елбасы Жолдауында білім берудің жаңа сапасы, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді жеделдету қажеттігі, мұғалімдердің мәртебесінің артуы туралы айтылған болатын. Осыған орай, Жолдаудан туындаған міндеттерге қатысты кәсіподақ ұйымы да өз үлестерін қосуда.
    – Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметіне жаңа серпін беруде. Оларды қолдау мен қорғау мақсатында және денсаулығын сауықтыруға да ерекше назар аударамыз, - деді білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Райкүл Байназарова.
    Сонымен қатар, мұғалімдер мәртебесін көтеру үшін облыс әкімінің қолдауымен осы жылдың қыркүйек айынан бастап облыстағы барлық мектептердегі 4200 сынып жетекшісіне планшет сатып алынып беріледі. Бұл Елбасының тапсырмасынан туындаған міндеттер аясында атқарылып жатқан шаралардың бірі.
    Сондай-ақ, Жолдауда адамдарды нәтижелі жұмысқа тартуға мүмкіндіктер беріп, жұмысқа орналасуына жағдай жасау қажеттігі айтылған болатын.
    – Бүгінде құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу бағытында жұмыстар қолға алынуда. Құрылыс салу қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Оған бөлініп жатқан қаржы көлемі де қомақты, - дейді құрылыс комплексі және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Серік Мырзаханов.
    Қазіргі таңда, облыстық құрылысшылар кәсіподағына мүше 40-тан астам кәсіподақ ұйымы бар. Мүшелерінің саны 4,5 мыңға жетті. Кәсіподақ қоғам дамуының басты реформаларын әрдайым қолдап, жұмысшы қауымының конституциялық, әлеуметтік, тұрмыстық мүдделерін қорғап келеді.
19 қаңтар 2018 ж. 1 139 0