Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПОДАҚ: ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІ

КӘСІПОДАҚ: ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІ


Осыдан төрт жыл бұрын белгіленген төл мереке еліміздегі кәсіподақ жұмысын жетілдіріп, жаңғыртуға мүмкіндік береді. Осыған орай аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде білім қызметкерлері кәсіподақтарының облыстық семинары өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыруды мақсат еткен семинарға аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы С.Сермағанбетов, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Р.Байназарова қатысты.
Кәсіподақ - өз мүшелерінің еңбек және тағы да басқа әлеуметтік – экономикалық мүдделерін ұсынуға және қорғауға арналған, олардың кәсіби мүдделерінің ортақтығы негізінде азаматтармен ерікті түрде құрылатын өзіндік бекітілген жеке мүшелігі бар қоғамдық бірлестік.
Аудандағы білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымы білім саласындағы қызметті өз міндетіне алған. Жақында №35 мектеп-лицей базасында өткен семинар әдістемелік кабинеттің ашылуымен басталды. Кабинеттің жұмысымен таныстырған білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы А.Есназар білім саласында 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар екенін айтты. Кабинеттегі «Кәсіподақ қорғайды, заңдылықты қолдайды» бөлімінде кәсіподақтың жұмысы, құжаттары көрсетіліп, қоғамдық бірлестікті ұйымдастырудың шарттары құжат негізінде жинақталған.
Кәсіподақ ұйымы – еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтауға, ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс жасауына жағдай жасап, мұғалім мәртебесін асыруды құқықтық заңдылықтарды қорғауды мақсат етеді. Сондай-ақ өзінің мүшелерінің еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбек пен оқу үшін тиісті жағдай жасауға күш-жігерін бағыттайды. Мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен таныстырған оның жетекшісі Ж.Сәркеева он жылдан бері бастауыш ұйымды басқарады. 104 мүшесі және 22 ардагер ұстаздың мүддесі әрдайым назардан тыс қалған емес. Олар қоғамдағы әлеуметтік, рухани өзгерістерден тыс қалмай, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен ынталандыруға ие екенін айтты.
Әдістемелік кабинетте жастар ұйымының да жұмысы таныстырылды. Мұнан соң облыстық кәсіподақ белсенділерінен жасақталған топ білгірлер бәйгесіне түсіп, интеллектуалды қабілеттерін сынады. Кәсіподақ жұмысы мен еңбекті қорғау заңдылықтары бойынша қойылған 10 сұраққа мүдірместен жауап беріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кәсіподақ дамуына қосатын үлестерді арттыру бойынша пікір алмасуға ұласқан іс-шара кәсіподақ төрағасының беделі, бастауыш ұйымдарының жұмысын жетілдіру, төрағаларын тұрақтандыру мәселелері талқыға түсті. Бүгінгі таңда жеке еңбек шартын қайта қарап, ұсыныс енгізу туралы мәселе көтерілгенде осы сәтті оңтайлы пайдаланып, тиісінше өзгерістер енгізуге атсалысу қажеттігі ескертілді.
– Облыстық семинардың бір ерекшелігі кәсіподақ жетекшілері баяндамалар оқып емес, тәжірибе алмасу ретінде сайысқа түсіп, белсенділерді марапаттау түрінде өтуді мақсат етті, - деді өз сөзінде облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Р.Байназарова.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту, әлеуметтік сая­си тұрақтылықты сақтау, ұжымдық еңбек дау­­ларын болдырмау, мұғалімдердің, техникалық қызметкерлердің еңбек құқықтарының және әлеуметтік қорғалуын сақтау, қоғамдағы еңбек қатынастарын реттеудің негізгі ұйытқысы қашанда кәсіподақ екені белгілі. Жалпы кәсіподақ ұйымының тиімділігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына тікелей қатысты. Оның басшысы педагог ретінде беделге ие ме, ол мектептің мәселелерін біле ме дегендер назарда болуы тиіс. Білім беру жұмысында шешілмеген әлеуметтік мәселелер кәсіподаққа үлкен жауапкершілік жүктеп, белсенді іс-қимылдарды талап етеді. Семинарда әрбір кәсіподақ жетекшісі өзіне қажетті нәрсені алып, жаңарудың жаңа үлгісін танып, білді.
«Рухани жаңғыру» кабинетінің жұмысымен танысқан ұстаздар №35 мектеп-лицейде аймақ басшысы Қ.Көшербаев білім алып, осы сынып бөлмесінде Қырымбек Елеуұлы оқығанынан хабардар болды. Жаңғыруға жетелейтін арнайы бөлмеде кітап көрмелері, ұстаздардың жетістіктері көрсетілген. Облыс әкімінің алтын ұя мектебімен қайта қауышқан фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылып, мектеп тарихы осы шағын мұражайда сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болғаны көрініп тұр.
Мектеп-лицейдің акт залында салтанатты шараға жалғасқан семинарда «Жолдау жолымен – білім биігіне» тақырыбымен жастар үгітбригадасының шығармашылығы тамашаланды. Жалынды жастар Елбасының сарабдал саясатын насихаттап, Жолдаудың маңыздылығын түсіндірді. Білім саласындағы жетістіктер баяндалып, кәсіподақ жұмысын жандандырды.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін әлеуметтік әріптестік аясында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті арасында келісімге қол қойылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар екі жақты салалық келісімге келді. Келісімнің негізгі мақсаты қазіргі кезде қолданылып жүрген заңдардың нормаларын сақтау, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында әлеуметтік әріптестікті қалыптастыру, мемлекеттің әлеуметтік стратегиясын жүзеге асыру болып табылады. Келісім-шартта әрбір тараптардан енгізілген мәселелерді шешудің оңтайлы жақтары қарастырылған. Аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева кәсіподақтың мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған семинардан көп нәрсе үйренуге мүмкіндік бар екенін айтып, әріптестерін мерекемен құттықтады. Алда өтетін білім сынағы ҰБТ-дан оқушылардың жоғары балл алуына тілектестігін білдірді. Әлеуметтік әріптестік мұғалім мәртебесі аясында жұмыс жасалып, салалық келісім іске асатыны айтылды.
Семинар соңында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы С.Сермағанбет пен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Р.Байназарова сөз алып, кәсіподақ жетекшілерін төл мерекемен құттықтады. Салтанатты марапаттау рәсімінде облыстық кәсіподақтар орталығының «Құрмет грамотасымен» білім беру ісінің үздігі С.Сәдуақасов және №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ә.Бәйменов марапатталды. «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ж.Сәркеева марапатталды.
Облыстық семинарға қатысушылар мұнан соң «Жалын» тынығу лагерінің жұмысымен танысты. Бірінші ауысымдағы демалушылармен жұмыс жасап жатқан Оқушылар үйінің үйірме жұмыстарын көріп, өз ризашылықтарын білдірді.
Түйін: Облыстың алдыңғы қатарындағы ауданның білім саласы өзінің тәжірибесімен бөлісті. Бұл жолы да кәсіподақ ұйымының жұмысы жоғары бағаланып, үздіктер қатарын толықтырды. Мұғалімдердің мәртебесін көтеруге жұмыс жасайтын ұйым жетекшілері атқарған жұмыстарына өз алғысын алды.

Б.ЖАНӘЛІ

11 маусым 2018 ж. 1 408 0