Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЛАНТТАР ШЫҒАР ЖҮЙРІКТЕР БӘСЕКЕСІНДЕ

ТАЛАНТТАР ШЫҒАР ЖҮЙРІКТЕР БӘСЕКЕСІНДЕ


Балалар шығармашылығын дамытып, өз деңгейінде көрінуге ықпал ететін байқаулар қатары баршылық. Бұлардың ішінде мүмкіндігі шектеулі балғындардың өнерге деген құлшынысын арттырып, нағыз талант иелерін шығаруға республикалық «Жұлдызай» фестивалінің маңызы зор. Осы орайда, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана – бақыт мекені» атты атылмыш фестивальдың аудандық кезеңі өткізілді. Шараға ауданға қарасты елді-мекендер мен кент орталығынан жиырма сегіз бала қатысты.

Байқауды мектеп оқушылары «Қуыршақ» биімен ашты. Бұдан кейін аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Е.Аппазаев сөз алып, жыл сайын ұйымдастырылатын байқаудың негізгі тетіктерін атап өтті. Сонымен қатар, қатысып жатқан өнерпаздар арасынан жеңімпаз атанғандар облысқа жолдама алатындығын тілге тиек етті. Өз кезегінде балалар төрт номинация бойынша бақтарын сынады. Өнерлі өрендердің шығармашылық әлеуетін бағалаған әділ қазылар құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскерлері З.Білісбаева, Ә.Елікбаев, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің бейнелеу өнерінің мұғалімі Ә.Бәйменов, Әуез мектебінің ән-би өнерінің жетекшілері З.Айсина мен Б.Үсеновтер болды.
Шара барысында ән номинациясы бойынша сынға түскен балғындар Астана қаласына арналған әуендерді шырқады. Мұнда оқушылардың орындаушылық шебер­ліктеріне мән беріліп, сахнада өзін-өзі ұстау қабілеттері қадағаланды. Сондай-ақ, би өнері номинациясында мың бұрала билеген қатысушылар мамандар назарына ілікті. Қылқалам шеберлерінің бейнелеу өнерінің үздік туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ал, қол өнер сайысында ерекше көзге түскен бұйымдар жиналғандар таңданысын тудырды. Барлығы жан-жақты таныстырылып, бай­қау ережелерін сақтауда ыждағаттылық танытты. Байқаудың жоғары дәрежеде өтуіне жекелеген азаматтар қолдау көрсетіп, барлық қатысушыларға бағалы сыйлық ұсынылды. Үнемі қайырымдылығымен жомарттық танытатын азаматтар қатарында облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, «Қайсар» көгалдағы хоккей клубының аға жаттықтыруышысы С.Қобландин, көгалдағы хоккей жаттықтырушысы Ж.Хұсайынов, күрес жаттықтыруышысы Ж.Қауысов, аудандық «Қа­йырымдылық көмек қорының» директоры Б.Ах­метов бар.
«Жұлдызай» фестивалінің аудандық кезеңі қоры­тындысында ән өнері номинациясынан Ұ.Сәдірхан, би өнерінен А.Туарбек, қол өнері номинациясынан З.Қал­данова, бейнелеу өнерінен А.Қожақова жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табыс етілді.



Б.ОРДАБЕКОВ
20 наурыз 2018 ж. 1 018 0