ЖИЫРМА ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЖЕҢІС
Ресей жерінде өткен биылғы әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды. Өткен айдың 14 жұлдызында басталған доп додасы 15 шілде күні қорытындыланып, француздар чемпиондық атақты жиырма жылдан кейін қайта иеленді. Сөйтіп, өз тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанып отыр.
Финал Ресейдің атақты «Лужники» стадионында өтті. Мұнда Франция мен Хорватия чемпиондық атаққа таласып, өзара бақ сынады. Биылғы қызыққа толы болған мундиальда көпшілік қос команданы финалда күтпесе керек-ті. Дегенмен, француздар өз тобынан және одан кейінгі ойындарда қарсыластарын ойсырата жеңіп шықса, хорваттар үшін топтық кезеңнен кейінгі ойындар оңай болмады. Алайда, бағы мен бабы келіскен команда финалда Дидье Дешам шәкірттеріне қарсылас атанды. Бұл – Хорватия құрамасының тарихындағы ең алғашқы финал.
1991 жылы Югославияның құрамынан бөлініп, тәуелсіздігін алған Хорватия 1998 жылы бірінші рет әлем біріншілігіне қатысты. Бір қызығы, сол жылы төртжылдықтың басты додасы Франция жерінде өтті. Сол жылы да хорваттар жақсы нәтиже көрсеткен. Өз тобынан екінші орынмен шыққанымен Румыния, Германия командаларын ұтып, Франция командасына есе жіберген. Десе де, сол әлем біріншілігінде Нидерланд командасымен үшінші орынға таласып, басым түскен. Сөйтіп, алғашқы әлем чемпионатында қола жүлдені еншілеген. Ал одан кейінгі біріншіліктерде жолы болмаған.
Француздар болса бұған дейінгі 20 мундиальдің 14-не қатысқан. Оның екеуінде ақтық кезеңге дейін жетіп, біреуінде чемпион болған. Яғни, осыдан 20 жыл бұрын өз жерінде өткен әлем біріншілігінің бас жүлдесін Франция командасы жеңіп алды. Ал 2006 жылғы доп бәсекесінде атақты француз футболшысы Зинедин Зидан италиялық Марко Матераццидің кеудесін баспен ұрғаны үшін алаңнан қуылып, финалда жеңіліс тапты.
Футбол тарихында Франция мен Хорватия командасы өзара 5 ойын ғана өткізген. Оның 3-де француздар жеңсе, екі ойын тең нәтижемен аяқталған. Бұл матчтардың біреуі әлем біріншілігі аясында өткен. 1998 жылдың жартылай финалында француздар хорваттарды бір доп айырмашылығымен жеңіп, жарыс жолынан шеттетті. Ал 2004 жылғы Еуропа чемпионатында қос құрама тең ойнаған. Мұнан кейінгі 3 матч жолдастық кездесу болған.
Әлем біріншілігінде 20 жылдан кейін екінші рет кездесіп отырған айтулы додаға ойын тартысты өтеріне ешкім күмән келтірмегені анық. Күтпеген финал болса да алғашқы минуттардан-ақ хорваттар шабуылға шықты. Алайда, ойынның 18 минутында Хорватия құрамасының шабуылшысы Марио Манджукич өз қақпасына гол соғып алды. Араға 10 минут салғаннан кейін хорватиялық Иван Перишич есепті теңестірді. Ал бірінші таймның соңына таман 11 метрлік айып добы белгіленіп, француз сұрмергені Антуан Гризманн есепті еселеді.
Екінші кезең де француздардың пайдасына шешілді. Алдымен, Поль Погба есепті 3:1-ге жеткізсе, алты минуттан соң Киллиан Мбаппе алыстан шірене теуіп, төртінші голды соқты. Тек 69-шы минутта Марио Манджукич есептегі айырмашылықты қысқартты. Сөйтіп, 4:2 есебімен Франция құрамасы екі дүркін әлем чемпионы болды.
Еске сала кетейік, биылғы әлем біріншілігінің қола жүлдесі үшін Бельгия мен Англия құрамасы 14 шілде күні тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ағылшындарға жауапсыз 2 гол соққан бельгиялықтар мундиаль қоласын қанжығаға байлады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ