ПОЭЗИЯ ҚҰДІРЕТІН СЕЗІНГЕН АҚЫН ҒҰМЫР
«Әйелдің абыройы – дақ түспеген ары» демекші қоғамда ел аналарының орны ерекше. Ер азаматтармен қатар иық теңестіре барлық іске белсене араласатын нәзік жандылар сонымен қатар отбасының ұйытқысына айналып отырған жайы бар.
Қандай қиындық болмасын түйінін шешуге ұмтылып, жан-жағын байыппен бағдарлап, отбасы берекесін келтіріп жүргендері қаншама. Олар қазақтың сөз өнерін зерделеп, поэзия әлеміне дендеген ақын арулар десек болады. Айтарын ой түкпірінен қазбалап, әйел болмысына тән нақышта көркемдеп жеткізеді. Сөз зергері атануда тылсым сезім түйсігіне бойлаған сәтте өлең құдіреті өміршеңдігін жоғалтпайды. Қайта ғаламат күйге енген оқырманға үлкен серпіліс әкеледі.
Поэзияға енді қадам басқан жастар мен бұрыннан ыстық-суығына көнген кәдуілгі ақын аналар «Жалын» жазғы тынығу лагерь базасында Астана қаласының 20 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына орай аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жыр арқауы Астана» тақырыбындағы мүшәйрада бақ сынасты. Тек ақын қыз-келіншектердің басын қосқан мүшәйрада ақындар Астана қаласы мен туған жерге арналған өлеңдерін оқыды. Өз елді мекенінің намысын қорғаған ақындар өнеріне аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты хатшысы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ш.Нұрсейітов, (төраға) аудан әкімінің баспасөз хатшысы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі А.Ибрагимұлы, аталмыш басылымның тілшісі Б.Ордабеков қазылық етті. Сөз бәсекесіне халықаралық, республикалық додалардың жеңімпазы А.Арыстанбек, жергілікті ақындар К.Әлшоразова, А.Кәдірханова, М.Сағындықова, Ә.Әубәкірова, Ш.Асылбекова, І.Дүйсенғалиева З.Жарболова, Ш.Ізбасқанова қатысты. Өз кезегінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева, ардагер-ұстаз С.Шамшадинова сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мұндай шаралар ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қосатындығын тілге тиек етті.
Жарыс қорытындысында қатысушылар арасынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, «Диплом» мен бағалы сыйлық тапсырылды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ