Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Сырдариялық спортшы – жүлдегер

Сырдариялық спортшы – жүлдегер

Жыл сайын Абай облысында дәстүрлі түрде өтетін «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі бүгінде республикалық деңгейдегі маңызды мәдени-рухани іс-шаралардың біріне айналған. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақы болмысты насихаттайтын тағылымды фестиваль биыл да жоғары деңгейде өтті.

Фестиваль аясында Ақсуат ауданында тоғызқұмалақтан дәс­түрлі рес­публикалық турнир ұйымдас­ты­рылды. Қазақ халқының зияткерлік ойынын дәріптеген жарысқа еліміз­дің әр өңірінен мықты спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты. Тартысқа толы додада Қызылорда облысының олимпиадалық емес спорт түрлерінен балалар-жас­өс­пірімдер спорт мектебінің спортшысы Жантөре Аманқос үздік өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Сырдариялық спортшының бұл жетістігі – тынымсыз еңбектің, табан­дылықтың және ұлттық спортқа деген құрметтің жемісі. Тоғызқұмалақ сынды терең ой мен сабырды талап ететін ұлттық ойын арқылы Жантөре өз шеберлігін дәлелдеп, Сыр өңірінің абыройын асқақтатты.

– «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі аясында өткен республикалық турнир мен үшін өте әсерлі жарыс болды. Бұл додаға еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар қатысты. Әр партия сайын үлкен тәжірибе жинап, өз шеберлігімді шың­дауға мүмкіндік алдым. Жүлделі ІІІ орын иелену – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мотивация. Бұл жетістікке жетуіме ата-анамның, жаттықтырушыларымның және қол­дау білдірген жанкүйерлердің еңбегі зор деп білемін. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының терең ой мен сабырды талап ететін ұлттық ойыны. Осындай ұлттық спорт түрін дамытуға үлес қосып жүрген ұйым­дастырушыларға алғысымды біл­діремін. Әсіресе, ұлттық рухты көтеретін фестиваль өткізіп жатқан азаматтардың еңбегі жастарға үлкен серпін береді. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетіп, Қызылорда облысының намысын рес­публикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен қорғауға тырысамын, – дейді спортшы Жантөре Аманқос.

Айта кету керек, ұлттық рухты көтеретін бұл фестиваль қазақ­стандық кәсіпкер, меценат әрі TAS Group қаржы компания­лар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекей және елге жанашыр азамат Қайырлы Хасенов секілді азаматтардың қол­дауымен ұйымдастырылып келе­ді. Мұндай азаматтардың ұлт руханиятына, мәдениет пен спортқа жана­шырлық танытуы – кейінгі буынға үлкен үлгі. «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі тек мәдени шара ғана емес, ұлттық дәстүр мен руханиятты жаңғыртатын үлкен алаңға айналып отыр. Осындай игі бастамалар арқылы жастар ұлттық ойындарға қызығып, төл мәдениетіміздің қаді­рін терең түсіне бастайды.

Жантөре Аманқос – Тереңөзек кентіндегі Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің түлегі. Отбасында үш ағайындының екіншісі.

«Тт» ақпарат
09 маусым 2026 ж. 199 0