Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Каратэден қарсылас шақ келтірмеді

Каратэден қарсылас шақ келтірмеді

Қызылорда қаласында «Қызылорда облысының «AUYL SPORT – 2025» ауыл балалары» арасында өңірлік турнир өтті. Аймаққа қарасты аудан, ауылдардан спортшылар қатысып, бақ сынады. Сырдария ауданының абыройын биікке көтеріп жүрген каратэшілер жүлдемен оралды.

Каратэ спорт түрінен №11 ОРМБЖМ жас­өспірім каратэшілері өз өнерлерін көрсетіп, облыстық додада жүлделі орындарға ие болды. Айтулы жарысқа аудан абы­ройын қорғауға 5 спортшы қатысқан. Жаттық­тырушысы – Салтанат Еркенқызы.

– Бұл турнирге 5 каратэшіні апардым. Соның төртеуі жүлделі оралды. Жарыс тар­тысты өтті. Аймаққа қарасты Қызылжарма, Талсуат, Шиелі, Қармақшы, Дүроңғар сынды аудан, ауылдардан спортшылар бақ сынады. Оқушыларымның арасында Дінмұхаммед Нұрбекұлы қараша айында Алматы қаласында өтетін республикалық тур­нирге жолдама ұтып алды. «Баласы бәйге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» деген сөз бар қазақта. Мен де дәл солай әр оқушым жарыс алаңына шыққанда қобалжып, алаңдап отырдым, – дейді жат­тықтырушы.

Аталған додада 50 келі салмақта бақ сынаған Дінмұхаммед Нұрбекұлы топ жа­рып, жүлделі І орынды иеленсе, аталған салмақ дәрежесінде Олег Ким ІІ орынға табан тіреді. Ал 45 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрасыл Бақытбек пен Әділет Нұрлыбекұлы ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Әр спортшының жетістігіне барын­ша қолдау білдіріп, бар білгенін үйреткен жаттықтырушысы Салтанат Еркен­­қызы­ның еңбегі.

Салтанат Мырзабекова – ҚР-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, спорт шебері. Оны бұл спорт түріне алғаш рет 5 жасында әкесі әкелген екен. Қазіргі таңға дейін каратэден алыс­тамағанын айтып өтті. Қызылорда қаласының тумасы Салтанат 4 баланың анасы. Еңбек жолын 2022 жылы каратэ жаттықтырушысы қызметімен «Мансұр» спорт шығармашылық клубында бастаған. 2023 жылдан бастап №11 ОРМБЖМ спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқа­рып келеді.

Г.ТАБЫНБАЙ


23 қыркүйек 2025 ж. 69 0