Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоршаған ортаның тазалығы – қоғамның құзыретінде

Қоршаған ортаның тазалығы – қоғамның құзыретінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда тазалық іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінде Тереңөзек кентіндегі «Тағзым» алаңында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» жобасы шеңберінде санитарлық тазарту жұмыстары ұйымдастырылды.

Экологиялық акцияға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, зиялы қауым өкілдері, дербес бөлім басшылары мен мамандары, жастар және еріктілер қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру және туған жерге деген жауапкершілік сезімін күшейту.

Акция барысында аудан орталығындағы «Тағзым» алаңы мен оның аумағының санитарлық тазалығы қамтамасыз етіліп, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар көрнекі белгілер ретке келтіріліп, абаттандыру жұмыстары жан-жақты жүргізілді.

Аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов экологиялық іс-шараға қатысушыларға қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай акциялардың қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді.

– «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бүгінгі экологиялық акцияға белсенді қатысқан барша аудан тұрғындарына, жастар мен еріктілерге алғысымды білдіремін. Тазалық – тек бір күндік науқан емес, ол әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ міндет. Осындай игі шаралар арқылы біз өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениет пен табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетеміз деп сенемін. Табиғатты аялау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Сондықтан мұндай акциялар аудан көлемінде алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімінің орынбасары Роллан Манарбекұлы.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 50-ге жуық адам қатысып, екі арнайы техника тартылды. Нәтижесінде «Тағзым» алаңындағы шөптер шабылып, жиналды. Сонымен қатар көше бойындағы ағаш түптері әктеліп, аялдамалар мен көрнекі белгілер жуылды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауданның көркеюіне және табиғат тазалығын сақтауға оң үлес қоса бермек.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
28 мамыр 2026 ж. 45 0