Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Таза бейсенбі»: Сырдария ауданында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды

«Таза бейсенбі»: Сырдария ауданында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды

Бүгін «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Сырдария ауданында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қоғам тазалығын қамтамасыз етуде маңызы зор акцияға партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қатысып, қоғамдық орындар мен көлдердің жағалауында тазалық сақтау – мәдениеттіліктің белгісі екенін атап өтті.

Экологиялық акция барысында партия белсенділері мен «Жастар» бастауыш партия ұйымының мүшелері Қалғандария, Әйтек және Майжарма каналдарының аумағын тазалады. Акцияға аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшесі Алмас Есназар, «Жастар рухы» жастар қанатының аудандағы жетекшісі, «Жастар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұржан Сейтжан да қатысып, қолдау білдірді.

– Тазалық пен тәртіп – кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деген болатын. Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған. Тазалық біз үшін басты құндылық. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы аясында аудан халқы туған жерді түлетуге атсалысуда. Барша жерлестерімізді, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы қолдауға, аулалар мен көшелерде, мөлтек аудандарда жүзеге асыруға, аудан мен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамыз. Туған жерімізді бірге көркейтейік!, – деді партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.

Атап өту керек, Сырдария ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары апта сайын жүргізілуде. Бұл жұмысқа тұрғындармен қатар БПҰ төрағалары, партия мүшелері, мәслихат депутаттары белсенділікпен атсалысуда.

12 маусым 2025 ж. 536 0