Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Сырдария ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына сырдариялықтар өз үлесін қосуда.

Бүгін «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының ұйытқы болуымен Тереңөзек кентінің Ғ.Мұратбаев және И.Тоқтыбаев көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді.

Экологиялық акцияға партия белсенділерімен қатар, бастауыш партия ұйымының мүшелері, мекеме қызметкерлері, жастар өкілдері, фракция мүшелері мен тұрғындар қатысты.

– Тазалықты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Оның ішінде қоғам тазалығына әрбір азамат бей-жай қарамай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ынта танытуы қажет. Бүгінде «Таза Қазақстан» бастамасы жалпыхалықтық сипат алды. «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аудан орталығында ғана емес, ауылдарда да өткізілуде. Бұл қоғамдық сананы жаңғыртып, елдің бірлігіне, игі іске жұмылуына да оң әсер етуде. Партия тазалық іс-шараларын ұйымдастыруды қолдайды және тұрғындарды акцияға қатысуға шақырады, – деді AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі А.Ибрагимұлы.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 50-ден астам адам қатысып, 2 техника тартылып, нәтижесінде 2 тонна көлемінде қоқыс шығарылды. «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы экологиялық акцияға атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтады.
05 желтоқсан 2024 ж. 84 0