Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық күннің мәртебесін арттырды

Ұлық күннің мәртебесін арттырды

Білім саласының ардагері Сұлупан Шамшадинова қай кезде де аудандық басылыммен байланысын үзген емес. Әрқашан елімізде болып жатқан біршама елеулі іске көзқарасын танытып, пікірін білдіріп отырады. Бұл жолы – ел анасы іргелі ұжымды ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Ағайынды Бозжановтар көшесінде өткізілген көршілердің мерекелік басқосуын газет бетіне жариялауды ұсына келген екен.

Жаңа қоныстану аймағына кіретін Ағайынды Бозжановтар көшесінің тұрғындары жыл сайын ұлық мерекені тойлауды дәстүрге айналдырған. Биыл көше тұрғындары мерекені 3 кезеңге бөліп, атап өтті. Ең алдымен, олар әрбір отбасының ата-бабасына Құран бағыштап, сауапты іс жасады. Арнайы шақырылған өзге көше тұрғындарына қонақкәде үлестірілді. Ал екінші кезеңде қазақтың бірқатар салт-дәстүрі насихатталды. Оның ішінде, идеологиялық мәні зор «түндік ашар», «байғазы беру», «көрімдік беру», «сүйінші сұрау», «шашбау тағу», «құрсақ той», «кебіс киер», «ақсүйек», «теңге алу», «қыз қуу» көрсетілді. Барлық салт-дәстүр мен ұлттық ойынның мән-мағынасы жастарға түсіндірілді.

Ұлттық құндылықты кеңінен дәріптеген көршілер ас мәзірінде ұмытылып бара жатқан бірнеше тағам түрін дайындады. Мәселен, «салманан», «қарма», «қазанжаппай», «жент», «жүгері», «бидай», «құрт» секілді дәмі тіл үйірер тағам ұсынылды. Соңғы кезеңде медицина саласының ардагері Рүстем Садықов сәбидің тұсауын кесті. Өз кезегінде ел ағасы кішкентай бүлдіршінге ақ батасын берді.

– Ағайынды Бозжановтар көшесінің тұрғындары ынтымақ-бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Біз көше комитетін құрып, мерекелік іс-шараны жоғары деңгейде өтуіне атсалысамыз. «Наурызнаманың» онкүндігі елімізде дүркіреп өткеніне куәміз. Біз қазақы салт-дәстүрді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа мол өнеге көрсетуді мақсат тұттық. Әрбір үйдің талантты баласының өнерін тамашалап, шат-шадыман көңіл-күймен тарқастық. Әрине, көше ауызбіршілігі қашанда жоғалмайды. Жас отбасыларға бағыт-бағдар беріп, қазақтың ұлық мерекесін кеңінен тойлай бермекпіз, – деді білім саласының ардагері Сұлупан Шамшадинова.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден

29 наурыз 2025 ж. 106 0