Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялық ұстаздар Конституциялық реформаларды қолдайды

Сырдариялық ұстаздар Конституциялық реформаларды қолдайды

Бүгін Сырдария ауданы білім бөлімі ғимаратында ауданға қарасты мектептердің педагогтері бас қосып, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды кеңінен талқылады. Жиынның негізгі мақсаты – жаңа бастамалардың мазмұнын түсіндіру, оның білім беру саласына әсерін саралау және ұстаздардың пікірін ортаға салу болды.

Кездесу барысында білім саласындағы соңғы жаңалықтар, жаңартылған оқу бағдарламалары, сондай-ақ Конституцияға енгізілетін өзгерістердің білім беру жүйесін жетілдірудегі рөлі жан-жақты сөз етілді. Әсіресе, білім сапасын арттыру, оқушылардың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуына тең мүмкіндік жасау мәселелері кеңінен талқыланды.

Ұстаздар жаңа Конституция жобасында көрсетілген нормалардың қоғам сұранысына сай келетінін атап өтіп, бұл өзгерістер ел болашағы – жас ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, реформалардың педагог мәртебесін нығайтуға, білім беру ұйымдарындағы ашықтық пен әділдікті арттыруға ықпал ететіні айтылды.

Жиын соңында қатысушылар ұсынылып отырған реформаларды қолдайтындарын білдіріп, білім саласындағы оң өзгерістерді жүзеге асыруға белсенді атсалысатындарын жеткізді. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында сапалы білім беруді қамтамасыз ету, оқушылар мен ұстаздар арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.

Сырдариялық ұстаздар үшін бұл кездесу өзара пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген мазмұнды алаң болды.

16 ақпан 2026 ж. 53 0