Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

«Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Елі ырысты, жері күрішті Сырдария ауданының тарихы ғасырға жуықтаса, осы ауданның Сәкен Сейфуллин атындағы елді мекенінің құрылғанына биыл 45 жыл толып отыр.

Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бәйтен батырлар, Шортанбай, Жүзбасар, Қырғи секілді билер, дарынды ақын-жазушылар, танымал тұлғалар шыққан киелі мекеннің алғашқы құрылуы сонау 1934 жылдан бастау алады. Әуелде «1 Май» және «Құндызды» колхоздары біріктіріліп, соның негізінде «1 Май» атындағы колхоз құрылды. Одан кейінгі жылдары «Каганович» колхозы, «Ленин» атындағы іргелендірілген колхоз, «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхоз болып небір нәубетті жылдардан өтті.

Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің есімін иеленгеннен кейін де ауыл халқының ынтымақ-бірлігі ажырамай, дамудың даңғыл жолына түсті. Ата кәсіп болған егіншілік пен мал шаруашылығын жандандырып, елді мекеннің жарты ғасырға жуық уақытта өсіп-өркендеуі қарқын алған. Бұл осы өлкенің шежіресін қалыптастырып, оның өркендеуіне ерекше үлес қосқан туған жер перзенттерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Ауылдың 45 жылдығымен қатар осы елді мекендегі №137 орта мектеп іргетасының қаланғанына биыл 90 жыл. Шежірелі білім ордасы талай талантты шәкірттерді түлеткені айтпаса да түсінікті. Мектепте Әбдіхалық Бәйменов, Төрехан Қодаров, Қасымхан Смайлов, Смағұл Тұрғанбаев, Мәнсүр Есназаров және тағы да басқа ұлағатты ұстаздар білім нәрін сепкен десек, бұл білім ордасының жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берудегі өзіндік орны қалыптасқанын ерекше атап өтуге болады. Қазіргі уақытта да шәкірттері шыңға шығып жүрген ұстаздар тарихы кемел білім ошағының мерейін үстем етуде абыройлы қызмет атқаруда.

Қос мерейтой қатар келгенде оның тағылымы кейінгіге тарих болып қалуы шарт. Осы ретте, С.Сейфуллин ауылының 45 жылдығы мен №137 орта мектептің 90 жылдығына байланысты жаңа кітап жарық көрді. Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысып, мерекемен құттықтады.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Исі Алашыңды құрметтеу, ең алдымен, туған өлкенің тарихын түгендеуден, табиғатын танудан, сол жерге қатысты жәдігерлерді жинақтаудан, халыққа белгілі тұлғаларды жас ұрпақтың жадында жаңғырту мен ардақтаудан басталады» – деген тағылымды сөзі бар. Яғни, әр азамат үшін туған топырағы ыстық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының түп негізінде де туған жерді түлету, оның әрбір перзентін насихаттау жұмыстары жатыр. Осы ретте, ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылының өзіндік тарихы бар. Биыл елді мекеннің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Жарты ғасырға жуық уақыт аралығында ауыл өрлеу сатыларынан өтіп, даму белестерін қалыптастырды. Атаулы датаны атап өту барысында елді мекенде игі істер атқарылуда. Ауылдың орталығы абаттандырылып, жаңғыртудан өткізілді. Республикалық бюджеттен елді мекенге қаржы бағытталып, 6 көше жөнделуде. Сондай-ақ ауыл ардагерлерінің өтінішіне орай аудандық мәслихаттың сессиясында аудандық әуез мектебінің ауылдағы филиалына қосымша 3 штаттық бірлік берілді. Сонымен бірге биылғы жылы ауылдағы білім шаңырағы №137 орта мектеп 90 жылдық белеске шығып отыр. Осы қос мерекені кең көлемде атап өтуге жыл басынан арнайы жоспар құрылды. Алайда әлем халқын тарының бір қауызына сыйдырған пандемия оған мүмкіндік бермеді. Десе де қос мерекенің тағылымы кейінгіге өнеге болып қалу үшін жаңа кітап жарық көрді. Бұл кітапты жинақтауға Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген Жақай Бодықбаев ағамыз ерекше еңбек етті. Осы ретте, сәкендіктерді қос мерекемен құттықтай отырып, ауыл тарихын түгендеген Жақай Серікұлына ризашылығымызды білдіреміз, – деді аудан әкімі.

Шарада аудан басшысы жаңа кітапты құрастырған Ж.Бодықбаевты ауданның «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Сондай-ақ ауыл мерекесіне демеушілік көрсеткен «С.Сейфуллин Жер» ЖШС төрағасы О.Саймағамбетов пен «Құндызды Жер» ЖШС төрағасы Б.Рахметке «Алғыс хат» табыс етті.

Өз кезегінде ауданның Құрметті азаматы Ж.Бодықбаев елді мекеннің жарты ғасырға жуық тарихын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында кітап шығарғанын атап өтті. Ауыл тарихын жинақтауға елді мекендегі еңбек ардагерлері көмек көрсеткен. С.Сейфуллин елді мекенін кезінде 6 жыл басқарғанын жеткізіп, сәкендіктердің ауызбірлігі, ынтымағы мықты екенін тілге тиек етті. Осы орайда, жыл басынан бері мерейтойды атап өтуге жұмыс жасалған. Қазіргі таңдағы карантин кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, ауыл тарихына арналған кітап әрбір үйге таратылып берілмек. Тағылымды тарих жинақталған кітап арқылы өскелең ұрпақ осы құтты мекеннің қалыптасуына еңбек еткен тұлғаларды білетін болады.

Шара барысында жаңа туындының тұсаукесер рәсімі өтіп, аудан әкімі лентасын қиды. Аудан басшысы қос мерекенің аталып өтілуіне ұйытқы болып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

29 тамыз 2020 ж. 614 0