Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

18 қаңтар 2025 ж.

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Сәкен Сейфуллин ауылы: Өрлеу мен даму белесінде

Сәкен Сейфуллин ауылы: Өрлеу мен даму белесінде

Елі ырысты, жері күрішті ауданның тарихы биыл 96-шы жылға қадам басса, аудан орталығына жақын елді мекеннің бірі – Сәкен Сейфуллин ауылының құрылғанына осы жылы – 50 жыл толады.

Мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин атын еншілеген ауылдан Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бәйтен батырлар, Шортанбай, Жүзбасар, Қырғи секілді билер, дарынды ақын-жазушылар, танымал тұлғалар шыққан. Киелі мекеннің алғашқы құрылуы негізінен 1934 жылдан бастау алады. Ол кезде «1 Май» және «Құндызды» колхоздары біріктіріліп, соның негізінде «1 Май» атындағы колхоз құрылған. Одан кейінгі жылдары «Каганович» колхозы, «Ленин» атындағы іргелендірілген колхоз, «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхоз болып қайта құрылымдаудан өткені ауыл тарихында қаттаулы тұр.

Ауыл тарихы туралы деректе: «1 Май» колхозы 1934 жылы құрылып, басқарма төрағасы Сейітжан Сақтағанов болса, «Құндызды» колхозы да 1934 жылы құрылып, алғашқы колхоз төрағасы болып Досмырза Бақтыбаев сайланды. Екі жылдан кейін екі колхоз біріктіріліп, «1 Май» атындағы колхозды Сейітжан Сақтағанов басқарған. Техника жоқтың қасы болғандықтан барлық шаруалар қол күшімен атқарылған. Колхозшылар Әбдірахман Құрланбаев, Созақбай Меңліғараев, Досжан Нұржанов ұсталар соққан еңбек құралдарымен арық қазды, егін егіп, шөп орды. Егінді сумен қамтамасыз етуден атақты Мұрат Қосбармақов пен Жүніс Жотаев басшылық жасады. Ал диқаншылықта Алмағанбет Дүйсебаев, Тұрғанбай Бұланбаев, Бимағанбет Аяпбергенов, Игілік Бақшақбаев, Сүйін Бақшақбаев, Дәрібай Бәйменов, т.б. ақсақалдар елге өнеге болды» деп жазылған.

Бүгінгі С.Сейфуллин ауылы ол кезде совхоздың «Ленин» бөлімшесі аталды. Бөлімше 600 гектар күріш егіп, гектарына 43 центнерден өнім жинады.

1975 жылы «Ленин бөлімшесі» өз алдына Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз болып отау тікті.

Ауылға Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің есімі берілгеннен кейін де ауыл халқының ынтымақ-бірлігі ажырамай, дамудың даңғыл жолына түседі. Атакәсіп болған егіншілік пен мал шаруашылығын жандандырып, елді мекеннің жарты ғасырға жуық уақытта өсіп-өркендеуі қарқын алған. Бұл осы өлкенің шежіресін қалыптастырып, оның өркендеуіне ерекше үлес қосқан туған жер перзенттерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Жарты ғасыр уақыт аралығында ауыл өрлеу сатыларынан өтіп, даму белестерін қалыптастырды. Жыл сайын халық саны өсіп, іргелі ауылға айналды. Бүгінде ынтымағы жарасқан ауылда 318 отбасы бар. Ауылдағы 1633 халықтың 706 экономикалық белсенді халық санатында. Ауылдық округ әкімі Бекзат Қыдырбаев жыл са­йын елді мекенді көркейтуде және абаттандыруда, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда қолайлы жағдай жасалып жатқанын айтады.

– Өткен жылдың үлкен жаңалығы ауылға газ келіп, тұрғындар игілігін көре бастады. От жағып, көмір жағудан босаған халықтың тұрмыс жағдайлары да жақсаруда. Бүгінде табиғи газды пайдаланушылардың үлесі 85 пайызға жетті. Жалпы бұл игілікті істің толық аяқталуына 424,6 млн теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар ауылдағы 6 көшеге – Қарлыбай Әбдірей, Есқұлы Қосбармақұлы, Бәйтен батыр, Шортанбай би, Іскендір Аханов, Сәрке батыр көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Жұмысты мердігер мекеме «Автодор» ЖШС атқарды, – дейді ауыл әкімі.

Жемісті жыл болған 2024 жылы ауылдағы Құрұмбек каналы тазартылып, тоспа салынған. Бұл өз кезегінде ауылдың егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік берген. Тұрғындарды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су мұнарасы да жаңартылып, су ұңғымасы қазылғаны халықтың таза ауызсу тұтынуына қолайлы жағдай жасалды.

– Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Қазір ауыл жылдан-жылға дамып келеді. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарынан бастап ауыл көшелері жөнделуде. Ауылда кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге де қолдау көп. Ауылда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб жұмыс істейді. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған игі бастамаларға ауыл ақсақалдары әрқашан батасын беріп отыру дәстүрге айналған. Ауыл ардақтылары тарапынан айтылған ұсыныстар ретімен шешілуде. Көп жыл арман болған табиғи газ да жетті. Тұрғын үйлердің дені газға қосылып, рахатын көруде. Ауылды дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлер қайырымдылық іс-шараларынан қалыс қалмайды. Азаматтар қолынан келген көмегін аямауда. Ең бастысы, іргеміз бүтін, халқымыз аман, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мақпалбай.

Бірлігі жарасқан ауылда осы күні 169 зейнеткер, 48 мүмкіндігі шектеулі азамат, 1 Батыр ана, 21 Алтын алқа және 32 Күміс алқа иесі бар. Ауылда 401 жас тұрады. Аудан орталығымен іргелес жатқан ауыл халқының тыныс-тіршілігі тұрғындардың ауызбірлігімен үйлесім тапқан.

Көшесі самаладай жарықтанған ауылды абаттандыру және ауылішілік жол жөндеу биылғы жылы да жалғасатын болады. Мұрат Арықұлы, Әуелбай Байназарұлы, Зейін Әбілдаұлы көшесіне жөндеу жүреді.

Ауыл тұрғындарының арасында кәсіпкерлікке ден қойып, өз кәсібін бастаймын деушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылы кәсіпкерлік бағытында 12 ауыл тұрғыны қаржылай қолдау көрді. Олардың арасында жас отбасылар мен көпбалалы аналар бар.


Бибісара ЖАНӘЛІ
18 қаңтар 2025 ж. 50 0