Республика күні қарсаңында еліміздің 8 өңірінде мектеп ашылды
KAZINFORM — Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары сондай-ақ Алматы қаласында мектеп ашылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.Алматы қаласында бірден төрт жаңа форматтағы мектеп есігін айқара ашты. Солардың бірі Медеу ауданындағы 2 мың оқушы орнына арналған №220 мектеп. Жаңа ғимарат өз микроауданы бойынша оқушы орны тапшылығын толық жойды. Мектепте 83 оқу кабинеті, 4 спорт залы, кітапхана, асхана және коворкинг аймақтары бар.
Жамбыл облысында Қарасу және Қаракемер ауылдарында екі жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Солардың бірінде 28 оқу кабинеті, конференц-зал, STEM-зертханалар, робототехника кабинеті, коворкинг орталығы, сондай-ақ 3 шеберхана мен 3 ғылыми зертхана қарастырылған.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 орындық 11-ші мектеп ашылды. Онда 45 оқу кабинеті заманауи интерактивті тақталармен жабдықталған.
Сондай-ақ Түркістан облысының Сауран ауданында мереке қарсаңында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде №5 мектеп пайдалануға берілді. Мектепте жаңа үлгідегі кабинеттер, STEM-зертханалар, 3 шеберхана, коворкинг аймақтары, демалыс және ойын алаңдары, спорттық залдар, асхана, кітапхана және акт залы бар. Қазіргі таңда өңірде алты мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысының Достық ауылында 1200 оқушыға арналған жаңа форматтағы мектеп ашылды. Нысанның пайдалануға берілуімен апатты мектеп мәселесі шешілді. Айта кетейік, бұл өңірде ұлттық жоба аясында салынған бесінші мектеп.
Ақмола облысының Көкшетау қаласында апатты ғимараттың орнына салынған №10 жаңа мектептің техникалық ашылуы өтті. Мұнда жайлы білім алу үшін барлық жағдай жасалған: кең сыныптар, зертханалар, робототехника кабинеттері, заманауи спорт және конференц-залдар бар.
Қарағанды облысының Жарық ауылында ұлттық жоба аясында жаңа мектеп ашылды. Мұнда STEM-зертхана, жаратылыстану-математика бағытындағы заманауи жабдықтармен және әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілген кабинеттер, робототехника және графикалық дизайн сыныптары бар. Мектепте жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған.
Одан басқа Шығыс Қазақстан облысының Игілік ауылында жергілікті бюджет есебінен салынған жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Министрліктің дерегінше, 2025–2026 оқу жылында елімізде жалпы 232 білім беру мекемесі салынады.
Айта кетейік, Астанада жыл соңына дейін сегіз жаңа мектеп ашылады.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі










