Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайлы мектеп – сапалы білім кепілі

Жайлы мектеп – сапалы білім кепілі

Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өңірдің білім саласына жаңа леп алып келуде. Жоба аясында салынған заманауи мектептер тек білім беруді ғана емес, оқушылардың дамуына жағдай жасау мақсатында да ерекше көңіл бөлінген. Әрбір мектеп құрылысында экологиялық талаптар мен оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2700 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді.

Бүгін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры ұйымдастырылды. Мектепті аралау барысында журналистер мектептің заманауи инфрақұрылымы, оқушыларға арналған арнайы мүмкіндіктері мен инновациялық әдіс-тәсілдері туралы ақпарат алды.

Сондай-ақ, баспасөз туры мектеп ұжымының жұмысын, оқушылардың білім алу жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларын сараптауға мүмкіндік берді. Журналистер сол жағалаудағы білім ордасының әрбір бөлмесінде қолданылатын заманауи технологиялар мен экологиялық талаптарға сай жобаланған дизайнды бағалап, мектептің білім сапасын арттыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Қызылорда қаласының сол жағалауында ашылған алғашқы «Жайлы мектеп». Мектебіміз 900 орынға арналған. Қазіргі таңда мектепте 1000-нан аса оқушы білім алуда. «Жайлы мектептің» ерекшелігі – қауіпсіз орта туғызу. Мектеп толық бейнекамералармен, турникеттермен жабдықталған. Қуаныштысы мектебімізде заманауи кабинеттер бар. Оның ішінде: физика, химия, биология, робототехника кабинеттері соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталып, оқушыларды ғылымға баулуға бізге үлкен мүмкіндік жасап отыр. Онымен қоса заманауи шеберханаларымыз бар. Оның ішінде: тігін кабинеті, дизайн кабинеті, технология кабинеттері құралдармен жабдықталған. Ерекше кабинеттеріміздің бірі тамақтану-мәдениеті кабинеті. Бұл кабинетте оқушылар ас әзірлеуді, дұрыс тамақтануды үйреніп жатыр,-деді, №290 орта мектебінің директоры Мөлдір Смаханова.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіһ
21 ақпан 2025 ж. 56 0