Заманауи технологиялардың тиімділігі
Жоғарғы Сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылдан бастап заманауи жаңа технологияларды енгізу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.
Біздің сотта «100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарының 20-қадамына сәйкес сот залы дыбыс-бейне құрылғыларымен толық жабдықталған. Алғашқы кезде сот отырысының таспаға жазылуына қарапайым халық таңырқай қараған болатын. Алайда, бұл үрдіс сотқа қатысушыларды жинақылыққа, жауапкершілікке үйреткенін айтпай кетуге болмас. Тараптар әр сөзінің таспаға жазылатынын білген соң, сотқа құрметпен қарап, сөзін абайлап, ойланып, айтатын болды. Процесс барысында тәртіп бұзып, айқайлап, басқалардың сөзін бөлетіндер қатары азайды.
Заманауи технологиялардың тиімділігін насихаттау жұмысы күн тәртібінен түскен емес. Аудандық сотпен сот жүйесіндегі жаңа технологиялардың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел, семинарлар өткізіледі және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жарияланып отырады. Мысалы «Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері сотқа пайдаланушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжаттарды ұсынуға құқылы екенін кейбір ауыл адамдары білмеуі де мүмкін. Кездесулер барысында осы және басқа жайттар толық ұғындырылып келеді.
Меңдігүл Асан,
аудандық соттың жетекші маманы,
баспасөз хатшысы