Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда 766 бала мектеп табалдырығын аттады

Ауданда 766 бала мектеп табалдырығын аттады

1 қыркүйек – Білім күніне орай барлық мектепте «Мек­тебім – мейірім мекені» тақырыбымен салтанатты іс-шара өтті. Алғашқы қоңырау салтанатына мектеп бітіруші түлектер мен 1-сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер қатысты.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 мектепке барып, іс-шараға қатысты. Аудан басшысы салтанатты іс-шара­да ұстаздар, ата-аналар мен оқу­шыларды аймақ басшысының атынан Білім күнімен құттықтады.

– Сіздерді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың атынан және өзімнің атымнан бүгінгі Білім күні­мен шын жүректен құттықтаймын! «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» дейді дана халқымыз. Білім – баға жетпес байлық, ел дамуының алтын арқауы. Өсіп-өркендеудің, жетістікке жетудің негізі терең білімде жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғылым­ның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үндеп келеді. Президентіміздің тап­­­­сырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қол­­дауымен білім саласында айтулы жетістіктер бар. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүйелі жүзеге асырылуда. Білім сала­сындағы жарқын жетістіктер аудан ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына, оларға үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне шынайы алғы­сым­­ды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Іс-шара барысында мектеп ди­ректоры А.Мамытов білім ошағы жетістіктерін атап өтсе, ардагер ұстаз Қ.Молдаш жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Мерекелік көңіл-күй оқушылардың жүрекжарды тілек­терімен және әсем ән-шашуымен жалғасын тапты. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кішкентай оқушылар алғашқы тақпақтарын орындап, өлең айтты. Осылайша үлкендер жағы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне сәттілік тілеп, оқу жылының табысты өтуін тілек етті. Сондай-ақ 2 қыркүйек күні әдеттегі режиммен сабақ басталып, әрбір сыныпта «Менің Отаным – Қазақстан» атты алғашқы ашық сабақ­тар өткізілді.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында ауданда 8208 оқушы білім алатын болса, оның ішінде 766 бала мектеп табалдырығын аттады. Оқушылар­дың сапалы білім алуына барлық жағ­дай жасалған. Биыл 243 млн теңгеге аудандағы 7 мектепке ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Сон­дай-ақ С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп 309 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, өз келу­шілерін қуана қарсы алды.

«Тт» ақпарат
03 қыркүйек 2025 ж. 136 0