Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірінші сыныпқа 790 бала қабылданды

Бірінші сыныпқа 790 бала қабылданды

Биылғы жылғы Білім күні жексенбіге тұспа-тұс келді. Десе де жаңа оқу жылының басталуына орай барлық білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шара өткізілді.

Білім күнінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіне барып, «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты іс-шараға қатысты. Аудан басшысымен бірге мерекелік іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, тиісті бөлім, мекеме басшы­лары, білім саласының ардагерлері мен ата-аналар куә болды.

Аудан басшысы салтанат­ты іс-шарада көпшілікті ме­ре­­­ке­мен құттықтап, білім сала­­сын­да атқарылып жатқан ауқым­­ды жұмыстар жөнінде айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үн­деп келеді. Ал аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен білім саласында айтулы жетістіктер бар. Атап айтқанда, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ая­сын­да 21 мектеп салынуда. Оның біреуі Тереңөзек кен­тін­­де салынатын болады. «Білім беру инфрақұрылымын қол­­дау» қоры арқылы құны 7,9 млрд теңге болатын дарын­ды балаларға арнал­ған 400 орын­дық физика-ма­те­мати­ка бағытындағы мек­­­теп-интер­натының құры­лы­сы жүргізілуде. Балалар мен жас­­өспірімдердің шығар­ма­­­шы­лығын шыңдау мақ­сатын­да биыл облыс орта­лығынан құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығар­машылық ака­­­де­­мия­­сының» іргетасы қа­ланды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс істеуде. Орталықта жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Биыл өңірімізде облыстық бюджет есебінен 3,1 млрд теңгеге 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде, Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі де қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүйелі жүзеге асырылуда. Білім саласындағы жарқын жетістіктер аудан ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына, оларға үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Салтанатты іс-шарада мектеп-лицей директоры Жанар Төреқұлова білім ошағының жетістіктерін айтса, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әділхан Қанзадаев балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысын баяндады. Сонымен бірге, ардагер ұстаз Мира Әкімжанова бала тәрбиесінде ата-аналардың жауапкершілігіне тоқталып, мерекемен құттықтады.

Айта кету керек, аудандағы барлық білім ошағы жаңа оқу жылына жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізді. Оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектеп бейнебақылау камерасымен қамтылған және аудандық полиция бөлімінің бақылау жүйесіне қосылғанын айтып өткеніміз жөн. Жаңа оқу жылында 17 мектепте 8262 мың оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 790 бала қабылданды.

Бұл күні барлық мектептерде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты іс-шара өткізілді. Оған аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округі әкімдері, бөлім басшылары арнайы қатысты. Салтанатты іс-шаралар барысында мектеп оқушылары өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Мұнан бөлек 1 сынып оқушылары мектепке қадам басып, сынып сағатына қатысты.

«Тт» ақпарат
03 қыркүйек 2024 ж. 275 0