Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі білім күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты

Аудан әкімі білім күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты

Білім күнінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейге барып, «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты іс-шараға қатысты. Аудан басшысымен бірге мерекелік іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, білім саласының ардагерлері мен ата-аналар куә болды.

Аудан басшысы салтанатты іс-шарада көпшілікті мерекемен құттықтап, білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғылымның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үндеп келеді. Ал аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен білім саласында айтулы жетістіктер бар. Атап айтқанда, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынуда. Оның біреуі Тереңөзек кентінде салынатын болады. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы құны 7,9 млрд. теңге болатын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан құны 11 млрд. теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясының» іргетасы қаланды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс істеуде. Орталықта жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Биыл өңірімізде облыстық бюджет есебінен 3,1 млрд. теңгеге 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде, Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі де қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүйелі жүзеге асырылуда. Білім саласындағы жарқын жетістіктер аудан ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына, оларға үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Салтанатты іс-шарада мектеп-лицей директоры Жанар Төреқұлова білім ошағының жетістіктерін айтса, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әділхан Қанзадаев балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысын баяндады. Сонымен бірге, ардагер ұстаз Мира Әкімжанова бала тәрбиесінде ата-аналардың жауапкершілігіне тоқталып, мерекемен құттықтады.

Жаңа оқу жылына аудандағы барлық білім ошағына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілді. Оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектеп бейнебақылау камерасымен қамтылған және аудандық полиция бөлімінің бақылау жүйесіне қосылған. Жаңа оқу жылында 17 мектепте 8262 мың оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 790 бала қабылданды.

Салтанатты іс-шарада мектеп-лицей оқушылары өздерінің өнерлерін көрсетіп, 11 сынып оқушылары мен 1 сынып оқушылары «Ұстазым» әнін шырқады. Мұнан соң 1 сынып оқушылары мектепке қадам басып, сынып сағатына қатысты.

01 қыркүйек 2024 ж. 294 0