Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданы әкімінің құттықтауы

Сырдария ауданы әкімінің құттықтауы

Құрметті ұстаздар!

Қымбатты оқушылар, ата-аналар!


Сіздерді Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

«Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» дейді дана халқымыз. Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Ендеше өсіп-өркендеудің, табысқа, жетістікке жетудің, дәулетті өмір сүрудің негізі – терең білімде жатыр.

Мектеп – жас ұрпақ нәр алатын бастау болса, мұғалім – тәуелсіздікке тірек болар сол бастаудың басты тұлғасы. Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Мұғалім – мектеп жүрегі».
Бүгінгідей зымыран уақыт көшіне ілесу, кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу – білім мен ғылым жетістіктерін меңгермей мүмкін емес. Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан сайын, соған сай білім беру саласы да үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үндеп келеді.

Қазіргі уақыт – білектінің емес, білімдінің заманы. Рухани өресі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу – ұстаздардың қолында. Бүгінгі күнгі білім саласындағы реформалар – жаңартылған білім мазмұны, бес күндік оқу аптасына көшу ұстаздардан өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отыруын талап етеді. Елімізде ұстаздардың кәсіби шеберліктерін нығайтуға, біліктіліктерін арттыруға тұрақты жағдай жасалған.

Білікті де білімді ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік оқушылар саны артып келеді. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүр.

Қадірлі ұстаздар!

Қай уақытта да білімі мен ғылымын дамыта алмаған ел заман көшінен қалып қояры анық. Жаһанда болып жатқан аса күрделі оқиғалар мен өзгерістер біздің жастарымызды заман талабына сай рухани жаңғыртуды, патриоттық пен елжандылыққа тәрбиелеуді міндеттеп отыр. Еліміздің ертеңін анықтайтын ең басты сала – білім беруді заман талабы мен қоғам қажетіне лайықтау баршамызға ортақ аса маңызды міндет.

Жаңа оқу жылы жаңаша табыстарға, білімі толысқан шәкірттерге толы болсын! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!



Құрметпен, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі

01 қыркүйек 2022 ж. 336 0