Еркебұлан ЖАҚЫП, Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы: «Жаңа оқу жылына дайынбыз»

– Еркебұлан Төлепбергенұлы, жақында республикалық Тамыз конференциясына қатысып, Мемлекет басшысымен кездесіп қайттыңыз. Қалай болды?
– Тамыз конференциясы – дәстүрлі түрде өтетін ауқымды жиын. Онда білім саласының жаңалықтары, оқу жылына дайындық сияқты мәселелер қамтылады. Иә, Астана төрінде республикалық Тамыз конференциясына қатысып қайттық. Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысының оң бастамалары мен алға қойған нақты тапсырмасы – саланың өркендеуінің басты негізі болмақ. Осы орайда конференцияда мұғалім мәртебесі, білім сапасын арттыру, мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау, тәрбие мәселелері қаралды. «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп атап өтті Президентіміз. Өз кезегінде біз Мемлекет басшысының әр бастамасын қолдаймыз. Нақты тапсырма – нақты нәтижеге жеткізеді. Одан кейін облыстық Тамыз конференциясы өтіп, онда маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ ауданымыздың бірқатар білім саласы қызметкерлері марапат төрінен көрінді.
– Негізгі сөзге көшсек... Аудан жаңа оқу жылына қаншалықты дайын?
– Ауданымызда 53 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде 17 мектеп, өздеріңізге белгілі, 30 мектепке дейінгі, 6 қосымша білім беру ұйымы бар. Жаңа оқу жылына дайынбыз. Дайындық жұмыстары әлде де пысықталуда. Білім беру – қоғамдағы ең күрделі сала. Бұнда елдің ертеңінің тағдыры, білімі қаланады. Сондықтан жұмыс жүйелі жүргізілуі қажет.
– Биыл күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептердегі құрылыс жұмыстары аяқталды ма?
– Аймақ басшысының қолдауымен Сәкен Сейфуллин ауылдық округіндегі №137 орта мектепке биыл күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге мектептің сырты толық минплита және түрлі-түсті сайдингпен қапталды. Спорт зал қабырғалары толық түсіріп, сыланды, терезелері, электр желісі ауыстырылды. Мектеп ішінің қабырғалары толық қырылып, қайта сылау жұмыстары жүргізілді. Еден мен төбесі де жаңартылды. Тоқ, су, жылу жүйесі толық ауыстырылды. Ішкі кәріз жүйесі ішінара алмастырылды. Жарық шамдары жаңаланып, бейнебақылау жүйелері, желдеткіш алмастырылды. Аталған мектепте «N Строй сервис» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Бұған дейін әр жылдары кезектілікпен мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда ауданда апатты жағдайдағы білім беру ұйымы жоқ.
Сонымен қатар бірқатар мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету қажет. Атап айтқанда, №35 мектеп-лицей бойынша кәріз жүйесінің құбырлары алмастырылды, кіре беріс аймақтың кафельдері ауыстырылды. №36 мектеп-лицей бойынша спорт алаңына жөндеу жұмыстары, аулаға асфальт төсеу, суағарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал №37 мектеп-лицей бойынша спорт залға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Және №42 мектеп-лицейдің асханасына, спорт залына жөндеу жұмыстары, ғимарат аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. №131 орта мектеп ғимаратының есіктері ауыстырылып, терезелеріне тор орнату, бейнебақылау камераларын ауыстыру жұмыстары атқарылды. №139 орта мектеп ғимаратының кафельдерін ауыстыру, спорт алаңына жөндеу жұмыстары, мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. №191 орта мектеп спорт залына, бу қазандығының жылу трассаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар үнемделген қаржы есебінен мектепке қажет-жарақтар базасын нығайтуға күш салынуда. Білім беру ұйымдары бойынша жылыту маусымына да дайындық басталып кеткен. Барлығы бақылауда. Ал 2026 жылға болжамды жоспар бойынша №42, №126 орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары туралы айтып өтсеңіз.
– Аудандағы 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 2125 бала тәрбиеленуде. 2024 жылы қадамдық жоспарға сәйкес Бесарық ауылынан 60 орындық жеке балабақша ашылды. Балабақшаларда 325 педагог қызметкер жұмыс жасайды. Аудан бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 393 бейнебақылау камералары және хабардар ету жүйесі орнатылды. Апатты жағдайдағы балабақшалар жоқ. Барлық балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, топтар жасақталып, жаңа оқу жылына сақадай сай.
– Кадр мәселесінде ахуал қалай? Мұғалімдер жеткілікті ме?
– Әрине, білікті мамандар жеткілікті. Жалынды жастарымыз да баршылық. Білім беру ұйымдарында артық қабылданған педагогтер бар. Ол мәселе бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта зейнетке шыққан педагогтердің орнына конкурс жарияланбай, аз сағатпен жүрген мұғалімдердің сағаты толықтырылуда. Кадрмен қамту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстары облыстық білім басқармасының тікелей бақылауында.
– Жаңа оқу жылында қанша бала мектеп табалдырығын аттайды?
– 2025-2026 оқу жылында 775 бала алғаш рет мектепке барады. Барлық оқушы құжаттары электронды үкімет порталы арқылы қабылданды.
– Мектеп балалар үшін қауіпсіз орта болуы тиіс. Аудандағы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі көңілді көншітеді ме?
– Сырдария ауданы бойынша қызметкер және білім алушылар саны 300 адамға дейінгі 1 мектеп, 300-ден 700-ге дейін 9 мектеп, 700-ден асатын 7 мектеп бар. ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы бұйрығымен бекітілген нұсқаулығына сәйкес 17 мектепке 525 бейнебақылау камерасы орнатылып, 11 мектеп аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қосылды. Қызметкер және білім алушылар саны 700-ден асатын 7 мектеп заңсыз заттарды алып кіруге тыйым салатын металл іздегіш және кіріп-шығу турникетімен және лицензияланған күзет қызметімен қамтамасыз етілген. 2023 жылдан бастап білім алушылар мен қызметкер саны 300-ден асатын 16 мектепке дабыл беру құралы орнатылды. Биыл 7 балабақшаға дабыл түймесі, өнер мектебіне турникет орнатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар бар. Бұл бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде.
– Мектептерде оқулық пен оқу құралдары жеткілікті ме?
– Сырдария ауданы бойынша білім бөліміне қарасты мектептерге оқулықтар сатып алуға қаржы бөлінген болатын. Оқулық жеткілікті. Тиісті келісімшарт негізінде жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда мектеп оқушыларына кітап толық таратылды.
– Мектепке дайындық барысын пысықтауда «Мектепке жол» акциясының маңызы зор. Акция аясында ауқымды жұмыстар жүргізілгені аян...
– «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру бойынша аудан әкімдігімен іс-шара жоспары бекітіліп, ведомоствалық бағынылыстылығына қарамастан барлық мекемелерге хат жолданды. Акция барысында көмек алатын балалардың базасы жасақталды. «Мектепке жол» акциясы аясында 600 балаға көмек көрсету жоспарланды. Дәл қазір 278 балаға көмек көрсетіліп, мектеп құрал-жабдықтарымен қамтылды. Мекемелер мен кәсіпкерлер, ұйымдар өз үлесін қосуда. Бұл акция әлі де жалғасады. Осы орайда меценаттар мен қайырымды жандарды үлес қосуға шақырамын. Сонымен қатар 2152 балаға жалпыға міндетті оқу қоры есебінен бір реттік қаржылай көмек берілді.
– Адал адам, ашықтық саясаты білім ордаларында қаншалықты деңгейде ұйымдастырылуда?
– Өткен оқу жылының аяғында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділеттілік, патриотизм және азаматтық жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталғандығы, мақсаты қоғамға пайдалы, жауапкершілікті сезінетін, рухани бай, елін сүйетін адал азаматты қалыптастыру екендігі түсіндірілді. 2025-2026 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу, құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оқушылар арасында белсенді азаматтық ұстанымды дамыту, ұлттық құндылықтар мен рухани-адамгершілік тәрбиені насихаттау жұмыстары жүзеге асырылады. Және адалдық сабақтарын тұрақты түрде өткізіп, әділет, сенім, парасаттылық туралы түсініктерін кеңейтіп, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобаларымен сабақтастық байланыста іске асатын болады.
Білім беру ұйымдары ашықтық саясатын ұстанады. Барлық жұмыс арнайы портал арқылы жүреді. Одан бөлек өткізілген іс-шаралар мен атқарылған жұмыстар мерзімді басылымдарда, сайт парақшаларында жарияланып отырады.
– Дәл қазір сіздің салада күрделі, қарбалас кезең екені белгілі. Соған қарамастан, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Жаңа оқу жылына сәттілік тілейміз! Жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын!
– Әркез ақпараттық қолдау көрсетіп отырған ауданның төл басылымына ризашылығымды білдіремін!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ