Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Қазақстанның рухани темірқазығы

Жаңа Қазақстанның рухани темірқазығы

Тамыз айындағы атаулы күндердің бірі – қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының туған күні. Жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін атаулы күннің биылғы мәні мен мазмұны тереңірек. Биыл халқымыз ойшыл дана тұлғаның 180 жылдығын атап өтпек. Абай бір күн ғана аталып қоятын тұлға емес. Оның қара сөздері, философиялық толғамы әлі күнге өз маңызын жоймақ емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз Ұлы Жеңістің 80 жыл­дығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңы­мыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерей­тойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деген болатын.

Абай Құнанбайұлы – ақын, ағар­ту­шы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, фило­соф, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Абай ақындық шығар­ма­ларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етеді. Терең философиялық ой­ла­ры, өлеңдері езгі мен надандыққа қарсы күреске шақырады. «Қара сөз­дерінде» қоғамдық-саяси көзқарасы айқын көрсетіліп, көптеген тарихи, педа­гогикалық мәселелер көтеріледі.

2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Үкімет қаулысымен «Абай күні» бекітілген болатын. Содан бері 10 тамыз – қазақ халқы үшін айтулы мереке. Биыл дара тұлғаның өмірге келгеніне 180 жыл толады. Осы орайда мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, жалғасын таппақ.

Міржақып Дулатұлы «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күні­нен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күн­дерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деп жазған екен. Сол айтқандай, жылдан-жылға хакімге деген құрметіміз артып, абайтанудың да көкжиегі кеңейіп келеді. Расында, уақыт көші қанша алыс­тағанымен, ұлы ойшыл мұрасына, рухына соншалықты жақындай бере­ріміз хақ.

Абайдың әдеби мұралары – қазақтың бітім-болмысын, ұлттық ерек­шелігін тамыршыдай дөп басуы­мен өміршең. «Қалың елім, қазағым» деп толғанып, «Адамзаттың бәрін сүй» деп өсиет еткен, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» «толық адамның» қасиеттерін тізіп берген Абай Құнанбайұлының қай өлеңін оқысақ та, өнеге мен тәрбиеге, фило­софияға толы. Ал қара сөздерінің ру­хания­тымызда алатын орны ерекше. Хакімнің өткір сыны мен оралымды ойы уақыт тезінен өтіп, құндылығын жоғалтпай келеді. Тіпті заман көшкен сайын құны артып отыр деуге негіз бар. Себебі ғұлама шығармашылығына мәңгілік тақырыптар арқау етілген. Ол қоғамдық дерттің бастауын адам болмысынан іздеді. Расында, қаншалықты заман өзгергенімен, Абай айтқан рухани кесел әр кезеңнің өзіндік шындығы, дерті болып қалды.

Ұлт ұстазының ұлағаты ешқа­шан өз маңызын, құндылығын жоғалт­пайтын өнеге, өшпес өсиет екені анық. Ең бастысы, ақынның еңбектерін дәріп­тегенде асыра сілтеп, бұрмалауға жол бермеген абзал. Бұл туралы пікір білдірген абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы «Абайды тану қиын. Оның көп сыры әлі ашылмай жатыр. Абай­дың іздегені не өзі?.. Оның тапқа­ны – толық адам ілімі болды. Толық адам ілімінің берері көп. Жастарымызға осы ілімді үйретсек, олар толық, кемел адам болуға ыңғайлана бастайды» деп түйіндейді. Ғалымның пікірінше, Абай күнінде ат шауып, көкпар тартқызып, жарыс ұйымдастыру жай нәрсе болып қалмақ. Халыққа қажеті – Абайдың мұрасын түсіндіріп беру. 

Абай күнінің мән-маңызы айрықша, көтерер жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы «Абай – жаңа Қазақстанның рухани темірқазығы» деген. Атаулы датаны мағыналы етіп өткізу – жалпақ жұртқа үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш. Абай мұрасы – ұлтымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам болмысының терең қатпарын толық қамтып, бүгіні мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен қымбат. Халық қан­шама тарихи кезеңдерді бастан өткерсе де, Абай мұрасы, Абай өсиеті жол көрсетер темірқазығы, бой түзей­тін айнасы, ой түзейтін кемеңгері болып қала бермек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден
02 тамыз 2025 ж. 184 0