Абай мұрасын дәріптеудің ізгі жолы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын оқып, таныстым. Мақала биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 толуына орай жазылған. Мемлекет басшысы оқырман назарына халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту мақсатында атқарылатын іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталған. Мемлекетімізде және халықаралық деңгейде өтетін мерейтой бастысы ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуға бағытталатынын айтқан.
Шын мәнінде ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы ретінде ел тарихында қайталанбас із қалдырған ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, тілі мен ділі, рухы көрініс тапты. Сондықтан Абай мұрасы еш уақытта өз құндылығын жоймақ емес.
Президент өз мақаласында: "Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады.
Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді, – деп мемлекетімізде және шетелде ұйымдастырылатын шараларға тоқталды.
Ел Президенті жыл бойына өтетін ауқымды шаралар Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілетінін айтты. Сондықтан бүкіл Қазақстан халқы осы игі бастамаға белсене атсалысса нұр үстіне нұр болады.
Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ақын,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі