Биыл С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлымен бірге С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 орта мектебінің жай-күйімен танысты.
Білім ордасының қазіргі жағдайы және алдағы күрделі жөндеу жұмыстарының жоспары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен С.Сейфуллин ауылының әкімі Бекзат Қыдырбаев ақпарат берді.
№137 орта мектеп 1974 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 460 орынға негізделген. Бүгінде мектеп ғимараты жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты биыл мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 309 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы білім ордасының ішін аралап көріп, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
– Біздің басты мақсатымыз – оқушылардың сапалы білім алуы үшін қауіпсіз және қолайлы оқу жағдайын жасау. Сондықтан жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде, сапалы әрі талапқа сай орындалуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.