Комиссия отырысы өтті

Комиссия отырысына «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің заңгері Жадыра Бағдатқызы, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков қатысты.
Комиссия мүшелері байқауға қатысушылардың туындыларын бағалау барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға, оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, қоғамға әділдік пен адалдықтың маңызын ұғындыруға баса мән берді. Сонымен қатар эссенің қатесіз жазылуына, ой тереңдігі мен ұшқырлығына, мазмұнына назар аударылды.
Жалпы байқауға 8-11 сынып оқушылары қатысты. Олар «Біз жемқорлыққа қарсымыз» тақырыбында эссе жазып, шығармаларын «Instagram» әлеуметтік желісінде жариялаған. Сондай-ақ #СырдарияНұрдария #Бізжемқорлыққақарсымыз #Байқау2025 хэштегтерін міндетті түрде қолданған.
Комиссия мүшелері өзара ақылдаса келе үш оқушының шығармасын іріктеп алды. Марапаттау салтанаты 4 шілде күні «Жалын» сауықтыру лагері базасында өткізіледі деп нақтыланды. Марапаттау салтанатында жеңімпаздардың аты-жөні хабарланып, олар диопломмен, естелік сыйлықпен марапатталатын болады.