Бірлескен отырыста маңызды мәселелер талқыланды

Күн тәртібінде жастар денсаулығы орталықтарының жұмысын нығайту және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу және жазғы демалыс уақытында балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыратын іс-шараларды өткізу, балалы отбасыларды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту үшін жағдай жасау, спорт кешендері мен нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы талқыланды.
Бірлескен жиынға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова қатысып, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып өтті.
Жиында тиісті сала өкілдері көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Өңірдегі халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 2024 жылдың қорытындысымен 1 494 ғимаратты құрап, 46,2%-ға жетті. Оның ішінде: 12 стадион, 51 спорт кешені, 1 футбол манежі, 1 жеңіл атлетикалық манеж, 1 есу базасы, 12 ату тирі, 1 хоккей корты, 1 390-жазықтық құрылғылар, 13 теннис корты, 3 ипподром, 9 жүзу бассейні.
Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен Сыр спортын дамытуда тағы бір байыпты бастама жүзеге асырылды. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін өзге мекемені жалға алып отырған басқармаға бағынысты бірқатар мектептер тұрақты спорт ғимараттарына көшті.
Осы жылы облыста бұқаралық спортпен айналысушылар үлесін 42 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірдегі халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету деңгейін арттырып, құрылысы аяқталған спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, министрлік тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде аймақтағы спорттық нысандарға инвестиция тартып, заманауи ғимараттар санын көбейту жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде спортшыларымызды әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстырып, олардың дайындығын жоғары деңгейде жүргізу аясы кеңейе түспек.
Жиынды ашып, жүргізген Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес төрағасы Нұридин Амитов күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты жүйелі жұмыстар атқарылуы қажеттігін тілге тиек етіп, бұл шаралардың бақылауда болатындығын айтты.