Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл ауылы тұрғындарымен кездесу өткізілді

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов, ауыл әкімдері мен ақпараттық жұмысты үйлестірші топ мүшелері қатысты.
–«Ауыл аманаты» – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көзделген бірегей жоба. Басты мақсаты – ауыл тұрғындарын кедейшіліктен шығару, табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Ол еліміздің бүкіл өңірін қамтиды. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қолдау. Шаруасын түзеп, кәсібін бастауға таптырмас мүмкіндік – деді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.
Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің мәжіліс залында өткізілген кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұстары мен жобаға енгізілген өзгерістер, басым бағыттар кеңінен айтылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында копперативтік жобаларды жүзеге асыру мен ҚР Үкіметінің жанындағы өңірлік саясат бойынша жобалық кеңсесінің Қызылорда облысындағы менеджері Индира Ақжігітова хабарлама жасап, түсіндірме жұмысын жүргізді.
Жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Кездесу соңында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы жұмысшы топ мүшелеріне ауданға арнайы келіп түсіндірме жұмысы жүргізгені үшін алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.