Қызылордада академиялық театр жетпісінші маусымын аяқтады

Фестиваль аясында театр қызметкерлері мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. Ал биыл театр репертуары 7 жаңа спектакльмен толықты. Жыл жабар қойылым ретінде көрермен қауымға Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» мелодрамасы ұсынылды.
– Театрдың 70 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Алыс-жақын шетелдерден театр ұжымдарының басын қосқан «Сырдың Сәбирасы – І» атты халықаралық театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Қазылар алқасы тағайындалып, сайыс ретінде өткізілгенімен, мұны ең алдымен тәжірибе алмасу деп қабылдаған дұрыс. Жалпы бір жыл ішінде театр қоржыны 7 спектакльмен толықты. Х. К. Андерсеннің “Ұсқынсыз үйрек” қуыршақ қойылымы, Ә.Асановтың “Өз-аға” деректі драмасы, А.Н. Островскийдің “ Найзағай” драмасы, Э.Р. Распенің “Мюнхгаузеннің әлемі” балаларға және ересектерге арналған буффонада ертегісі, Ә.Тауасаровтың “Аюдың апаны” драмасы, Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» мелодрамасы және “Бір толқын” концерт-спектаклін сахналадық. Биылғы маусымда театр репертуарының қорытындысы ретінде көрермен қауымға ұсынылғалы жатқан Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» атты мелодрамасы біздің театрдағы жас режиссер Жәнібек Маханбетиярдың тырнақалды жұмыстарының бірі. Бұл туынды тек қойылым ғана емес, буын сабақтастығының нақты бір белгісіне айналды десек артық айтпағанымыз. Жас маманның алғашқы қадамына сәт тілейміз. Оның шығармашылық жолы жарқын боларына сенеміз,- деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір.
- Тағы бір маусым өз мәресіне жетті. Бұл біздің театрдың 70 жылдық белесін еңсеріп, жаңа кезеңге аяқ басқан тарихи сәті. Биыл біз көп нәрсеге куә болдық. Тұңғыш халықаралық фестивальді өткіздік, жаңа қойылымдармен репертуарымызды байыттық, жас актерлер мен режиссерлерге жол аштық. Театр - тірі ағза секілді. Ол тыныстап тұруы үшін, ол өсіп-өркендеуі үшін — жүрек, жан, рух керек. Ол – көрерменнің ықыласымен, әртістің шынайылығымен, режиссердің ізденісімен өмір сүреді. Бүгінгі болатын қойылым осы сөзімізге тұздық боларына сенеміз,- деді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбайұлы.
- «Арманымның ақ құсы» бір кездесу арқылы бүкіл өмірі өзгерген жастың тағдырын суреттейтін мелодрама. Күтпеген сәтте жолыққан жан – жүректің ең терең түкпірінде жасырынған асыл арманға айналғанда, адам қандай таңдау жасайды? Бұл – махаббат пен еркіндік, сенім мен қорқыныш, үміт пен өкініш арасындағы нәзік шекарада тұрған жанның оқиғасы. Бұл спектаклді студент кезімізде қойған болатынбыз. Ал үлкен сахнада алғаш рет ұсынылып жатыр. Бағасын халық береді. Шығаомашылығымызды әлі де дамыта береміз. Ізденісте жүргеннің жақсы тұсы кез-келген сәтте дайын жүресің. Мына қойылым соның нәтижесі. Биылғы жыл менің режиссерлік жұмысыммен қорытындыланып жатқанына қуаныштымын,- деді режиссер Жәнібек Азаматұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі