Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Деструктивті діни ағымдар туралы семинар-кеңес өтті

Деструктивті діни ағымдар туралы семинар-кеңес өтті

2025 жылғы 10 маусым күні Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нұржан Ешниязовтың төрағалығымен семинар-кеңес өтті. Іс-шара Әдеп жөніндегі уәкілдердің 2025 жылға арналған үлгілік жұмыс жоспарының 2.8-тармағын орындау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Жиынның басты тақырыбы — мемлекеттік қызметшілердің деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу.

Семинар барысында Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов «Деструктивті діни ағымдардан сақ болыңыз!» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларға бұл ағымдардың белгілері мен ықпал ету әдістері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол деструктивті діни ұйымдардың адам санасына әсер ету үшін қолданылатын манипулятивтік тәсілдер, олардың агрессивті әрекеттері, әсіресе жастар арасында кең таралуы, сондай-ақ жеке тұлғаның өміріне келтіретін кері әсерлері туралы нақты мысалдар келтірді.

Семинар-кеңес барысында сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің іскерлік әдеп нормаларын сақтау, ресми мінез-құлық қағидаларын ұстану, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланды.

Шара соңында қатысушыларға нақты ұсыныстар беріліп, деструктивті ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
11 маусым 2025 ж. 436 0