Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап қатаң
Кеше аудан әкімдігінде облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Тарбақов Хамит Мұратұлы және "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Нәлібаев Мақсұт Ыбырайханұлының қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудан әкімі аппаратының басшысы Б.Қарсақбаев және аудандық дербес бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-кеңесте аудан әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Д.Байдушев өткен жыл ішінде ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Жалпы, 2019 жылы мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын кеңінен насихаттау мақсатында 14 мәрте ұжымдық кездесулер өткізілсе, Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан 37 адамға консультациялық кеңес берілген. Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі уәкілдің ұсынысы негізінде ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін 38 қызметші көтермеленген.
Әдеп кодексі және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жыл бойында барлығы 36 дәріс пен семинарлар өткізілді. Оның ішінде, ауылдық округтерге шығу – 27. БАҚ-та жарияланған мақалалар саны – 5, интернет-ресурстарындағы мақалалар – 5.
Мұнан кейін сөз кезегін алған облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Х.Тарбақов пен "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі М.Нәлібаев қызметтік әдеп нормаларын сақтамау сыбайлас жемқорлыққа, әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызатынын, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келетіндігіне тоқталып, мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын мінсіз сақтау қызметтегі бағалауда және ілгерілеуде оң әсерін тигізетіндігі жөнінде кеңінен айтып өтті.
Семинар-кеңестен кейін облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Х.Тарбақов пен облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі М.Нәлібаев қоғамдық қабылдау жүргізді.
"ТТ"-ақпарат