Іргелі ұжымды мерекемен құттықтады

"Құрметті Аружан Мұханбетқали!
Құрметті «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы!
Сіздерді Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан тура 112 жыл бұрын, яғни 1913 жылғы 2 ақпан күні «Қазақ» газетінің алғашқы саны оқырман қауымға жол тартқан болатын. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды. Алаш арыстары шығарған бұл басылым қазақ халқына ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптеді.
Қазақ зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. Осы ретте сол тарихи күннің маңызына мән берген ҚР Үкіметі арнайы Қаулымен Ұлттық басылым күнін бекіткен еді. Бұл шешім қазақ баспасөзінің беделін биіктетіп, ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтауында: «Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін» деп атап өтті. Бұл пікір сіздердің қажырлы қызметтеріңіз бен уақытпен санаспай атқаратын еңбектеріңіздің еліміздің саяси-экономикалық дамуы мен қоғамдық сананы жаңғырту ісінде әркез зор маңызға ие екенін білдіреді.
Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегіне айналған «AMANAT» партиясы да қазақ баспасөзіне қолдау көрсетіп келеді. Игі жұмыстар өздеріңіздің ұсыныстарыңызбен ауданымызда да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, партия мүшелері Дархан Ералиев, Марат Бисенов, Жеңісбек Сыздықов секілді көптеген азаматтар төл газетіміздің таралымын арттыру ісіне жыл сайын қолдау көрсетуде. Сіздердің 3500-ге жуық тұрақты оқырмандарыңыздың басым көпшілігі партия мүшелері екенін де атап өткім келеді. Сондықтан алдағы уақытта да қолдау жұмыстары болатыны анық және партия жұмысына ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан бірлігі бекем, білікті мамандар топтасқан, талай тарихи белестерді абыроймен бағындырған редакция ұжымына айтар алғысымыз шексіз.
Сіздерді Ұлттық басылым күнімен құттықтап, шалқар шабыт пен шығармашылық сәттілік, еңбекте жеміс пен абырой және дендеріңізге саулық тілеймін. Халыққа арнар сүбелі де салмақты сөздеріңіз сарқылмасын, құт қонып, бақ дарыған қаламдарыңыз қолдан түспесін, оқырманға ой саларлық тамаша туындыларыңыз жарыққа шыға берсін! Ұлттық басылым күні құтты болсын!", – делінген жазбада.
Құрметпен,
Ақтөре Ибрагимұлы,
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жетекшісі