Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тереңөзек сабыны» брендімен шығып жатқан тұрмысқа қажетті сабынның дайындалу барысымен танысты

«Тереңөзек сабыны» брендімен шығып жатқан тұрмысқа қажетті сабынның дайындалу барысымен танысты

«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жеке кәсіпкер Айбол Смайловтың шағын өндіріс ошағында болып, «Тереңөзек сабыны» брендімен шығып жатқан тұрмысқа қажетті сабынның дайындалу барысымен танысты.

Кәсіпкермен пікірлескен ол шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарға партия әркез қолдау көрсетітінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі күнге дейін халыққа арнап алты Жолдау жариялады. Президент алғашқы Жолдауында «Шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың төте жолы» десе, екінші Жолдауында «Кәсіпкерлікті дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Расында да шағын және орта кәсіпкерлік – ел дамуының негізі. Кәсіпкерлердің жобаларын, бастамаларын қолдағанымыз дұрыс. Ауданымызда кәсіптің басқа да түрлері кең қанат жайса деп ойлаймыз. Халқымызда «Кәсіп түбі – береке» деп бекер айтылмаған,– деді партия филиалының Атқарушы хатшысы.

Тереңөзектік Айбол Смайлов бүгінде кәсіпкерлік саласына бетбұрыс жасап, «Тереңөзек сабыны» брендімен өнім өндіруде. Ол «Кір сабын шығаратын цех ашу» жобасы бойынша қайтарымсыз грант иеленген. Өз кәсібін былтыр бастаған азамат қазірдің өзінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқанын, сұраныстың бар екенін айтады.

– Кәсіптен несібе табу оңай жұмыс емес. Алғашында қорқыныш та, жүрексіну де болды. Бірақ бизнес жоспарды әзірлей бастағанда көңілімізге сенім ұялады. Сөйтіп арнайы курс оқығаннан кейін жобамды комиссия алдында қорғадым. Нәтижесінде 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз гран алып, оған қажетті техника мен шикізаттық өнімдер алдым. Атап айтқанда, кір сабын шығаруға арналған 1 аппарат пен сабынның пайыздық мөлшерін көрсететін мөр алдым. Сонымен қатар перфоратор мен миксерді де қолданамыз. Күніне 700-800 данаға дейін сабын өндіре аламыз. Өнімнің сыртында «Тереңөзек сабыны» деген жазу бар. Бұл тапсырыс берушілер мен тұрақты тұтынушыларға ұнады. Алдағы уақытта кәсіпті кеңейту, жаңа бағыттар бойынша жаңашылдықтар енгізу ойда бар, – дейді Айбол Сағындықұлы.

Кәсіпкер тапсырыстың басым көпшілігі жеке отбасылардан түсетінін айтады. Мұнан бөлек бірқатар дүкенде де жергілікті өнім сатылуда. Алғашында мекеме, үй аралап, жарнамасын таныстырған кездері де болған. Кәсіпкердің сабынын алып, пайдаға жаратқандардың айтуынша, сапасы жақсы және бағасы да қолжетімді екен. Көп көлемде тапсырыс бергендерге жеңілдік те қарастырылған.

06 маусым 2025 ж. 50 0