Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тереңөзек сабыны»: тұтынушылар саны күн санап артуда

«Тереңөзек сабыны»: тұтынушылар саны күн санап артуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі күнге дейін халыққа арнап алты Жолдау жариялады. Президент алғашқы Жолдауында «Шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың төте жолы» десе, екінші Жолдауында «Кәсіпкерлікті дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Расында да шағын және орта кәсіпкерлік – ел дамуының негізі.

Тереңөзектік Айбол Смайлов бүгінде кәсіп­кер­лік саласына бетбұрыс жасап, «Терең­өзек сабыны» брендімен өнім өнді­руде. Ол – «Кірсабын шығаратын цех ашу» жобасы бойынша қайтарымсыз грант иеленген. Өз кәсібін былтыр бастаған азамат қазірдің өзінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқанын, сұра­ныстың бар екенін айтады.

– Кәсіптен несібе табу оңай жұмыс емес. Алғашында қорқыныш та, жүрексіну де болды. Бірақ бизнес жоспарды әзірлей бастағанда көңілімізге сенім ұялады. Сөйтіп арнайы курс оқығаннан кейін жобамды комиссия алдында қорғадым. Нәтижесінде 1 380 000 теңге көле­мінде қайтарымсыз грант алып, оған қажетті техника мен шикізаттық өнім алдым. Атап айтқанда, кір сабын шығаруға арналған 1 аппарат пен сабынның пайыздық мөлшерін көрсететін мөр алуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар перфоратор мен миксерді де қол­данамыз. Күніне 700-800 данаға дейін сабын өндіре аламыз. Өнімнің сыртында «Тереңөзек сабыны» деген жазу бар. Бұл тапсырыс берушілер мен тұрақты тұтынушыларға ұнады. Алдағы уақытта кәсіпті кеңейту, тың бағыт бойынша жаңашылдық енгізу ойда бар, – дейді Айбол Сағындықұлы.

Кәсіпкер тапсырыстың басым көпшілігі жеке отбасылардан түсетінін айтады. Мұнан бөлек, бірқатар дүкенде де жергілікті өнім сатылуда. Алғашында мекеме, үй аралап, жарнамасын таныстырған кездері де болған. Кәсіпкердің сабынын алып, пайдаға жарат­қандардың айтуынша, сапасы жақсы және бағасы да қолжетімді екен. Көп көлемде тапсырыс бергендерге 170 теңгеден болса, даналап алатындарға 200 теңгеден сатылады.

– Жергілікті өнім туралы әріптестерімнен естідім. Сатып алып, пайдаланып көрдім. Көңілімнен шықты. Негізі жергілікті кәсіп­керлердің жобасын, бастамасын қолда­ға­нымыз дұрыс. Ауданымызда кәсіптің басқа да түрлері кең қанат жайса деп ойлаймыз. Халқымызда «Кәсіп түбі – береке» деп бекер айтылмаған. Бизнес жоспарын әзірлеп, сәтті қорғап, қайтарымсыз грант иеленген Айбол Смайловтың кәсібі өркендей берсін деп тілек қосқым келеді, – дейді кент тұрғыны Рита Сәрсенбаева.

Кәсіпкер өзі өндіріп жатқан сабынның бетіне «Тереңөзек сабыны» деп жазу арқылы ауданның атын шығаруды мақсат тұтқанын айтады. Сондай-ақ жақында ғана облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаевтың арнайы алғыс хатына ие болғанын көрсетті. Алғыс «Жетістіктер алаңы» жобасына белсене қатысқаны үшін беріліпті. Тереңөзек кентіндегі «Көркем», «Шархан», «Лидер», «Жазира», «Престиж» секілді дүкендерде сатылып жатқан сабынды алдағы уақытта көршілес аудандар мен облыс орталығында да сату жоспарлануда. Ал сабын өндіруге қажетті шикізат Алматы қаласынан және өзіміздің ауданнан алынуда.


Шағын және орта бизнес қарқынды да­мыған елдерде «Кәсіпті бастағыңыз келсе, ерте бастаңыз» деген қанатты қағида бар екен. Былтыр ғана өз кәсібін бастаған Айбол Смайлов биылдың өзінде өз тұтынушыларын қалыптастырып үлгерді. Тапсырыс берушілер мен тұтынушыларының саны күн санап артып жат­қан жергілікті өнімнің облысқа, респуб­лика аумағына танылуына тілектестігімізді біл­діреміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
04 маусым 2024 ж. 154 0