Партия филиалы жанындағы Саяси кеңес бюросының отырысы өтті

Алқалы жиында аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның есепті кезеңдегі атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттер пысықталды.
Жиын барысында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партияның облыстық филиалымен фракция мүшелерінің жұмысына жүргізілген мониторинг қорытындысына тоқталды.
Мәслихат депутаттарына ел сенімін ақтау парыз, жүктелген үлкен жауапкершілікті атқару абырой, халықтың мүддесін білдіріп, оның игілігі үшін еңбек ету дәреже. Депутаттардың білікті болып, қызметін жоғары деңгейде атқаруына біз де – партия филиалы мүдделіміз деген филиал төрағасы фракция мүшелерінің алдында тұрған бірқатар міндеттерді атап өтті.
«Депутат – халықтың талап-тілегін, күрделі мәселелерін жоғарыға жеткізіп, оның оң шешілуіне ықпал жасаушы тұлға. Депутаттық қызмет – мансап емес, ол үлкен жауапкершілік. Сондықтан әр депутат жұмыс жоспарына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Оның ішінде халық алдында есеп беріп, бастауыш партия ұйымдарында кездесулер өткізу, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына бақылау жасау, жеке қабылдаулар өткізіп, сайлаушылар өтініштерінің оң шешілуіне ықпал ету, депутаттық сауалдар, атқарылған жұмыстарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап отыру мәселелері күн тәртібінен түспеу керек. Сәйкесінше әр тоқсан сайын мәслихаттағы фракцияда, жарты жылда бір рет Саяси кеңес бюросында депутаттардың атқарған жұмыстарының есебі тыңдалуы керек»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Бюро отырыстарында күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толық қаралып, қаулы бойынша тиісті шаралар қабылданды.