Жұмыс сараланып, жоспар нақтыланды
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Сырдария ауданына жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында партия активімен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді пысықтады.
Жиында аудандық партия филиалының төрағасы Е.Әжікенов, партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасы Ж.Ембергенов, партия мүшесі, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров пен «Мәдениет» БПҰ төрағасы Ж.Төрәлиев 2024 жылы атқарылған жұмыстарының есебі мен 2025 жылға арналған жұмыс жоспары туралы есеп берді.
Жиын барысында партия жобалары аясындағы ауқымды жұмыстар айтылды. Атап айтар болсақ, «Жер аманаты» жобасы бойынша 2024 жылға жоспар бойынша 10 мың га жер учаскесін қайтару жоспарланып, мемлекет меншігіне 10 мың 217 гектар жер артығымен қайтарылған. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2024 жылы Сырдария ауданы бойынша 273,1 млн теңгеге 18 жоба өтінім тапсырған. Несие комитетінің шешіміне сәйкес 92,0 млн теңгеге 9 жобаға несие мақұлданған. «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 920 адамды оқыту жоспарланып, І кезеңде – 505, ІІ кезеңде – 424 адам оқытылып, жоспар 929 адамға артығымен орындалған.
Айта кетейік, Сырдария аудандық филиалы бойынша 24 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды. Бастауыш партия ұйымдарында 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3175 партия мүшесі қамтылған. Өткен жылы аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы 476 өтініш тіркелсе, оның 332-сі оң шешім тапқан. Қалған өтініш иелеріне заң бойынша кеңес берілген.
Ал партиялық бақылау комиссия мүшелерімен 38 нысанға мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасалған. Комиссия отырысында 19 мәселе қаралып, тиісті органдарға 52 ұсыныс берілген.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жиын соңында барлық атқарылған жұмыстарды саралай келе, партия активі алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде алдағы уақытта сайлауалды уәделердің орындалуы, қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындар өтініштерін қанағаттандыру, партиялық жобаларды жүзеге асыру барысында сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейтіп, олардың рөлін арттыру, партия атынан ұсынылған ауыл әкімдерінің жауапкершілігін күшейтіп, сайлауалды уәделерінің орындалуын қадағалау қажеттігін айтты. Жиын соңында бірқатар азаматқа партиялық билет пен АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың белсенді мүшелеріне Алғыс хат табысталды.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асқан Қалжан ахун ауылындағы жылыжай жұмысымен, сондай-ақ Жол картасы аясында С.Сейфуллин ауылындағы газдандыру жұмысымен танысты. Жылыжай жұмыстарымен «Береке» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жетекшісі Серік Әбжалиев таныстырып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Ал С.Сейфуллин ауылындағы газдандыру жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев ақпарат беріп, 2024 жылы ауданда екі ауыл табиғи газға қосылғанын атап өтті.
«Тт» ақпарат