Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбектен – берекелі зейнетке

Адал еңбектен – берекелі зейнетке

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсеткен Ғалия Жарасбаева – 40 жыл ауылдық емханада еңбек етті. Табан аудармастан ұзақ жыл бойы ел-жұрттың ықыласына бөленген Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны – ақ халатты абзал жан бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты ана.

Есімін атақты татар драматургі Мирхайдар Файзидің «Ғалиябану» пье­са­сының құрметіне әкесі қойған Ғалияның балалық шағы Қараөзектің бойында өтті. Ауыл мектебінде оқып, өзі секілді құрбыларымен алғашқы еңбек жолын фермада сауын­­шылықтан бас­таған елгезек жан медбике болуды армандайды. Еңбексүйгіштігі, жауапкершілігі болар, таң ­атысымен фер­мадағы 150-дей сиырды саууға асығатын бес қыз – Ғалия, Бибігүл, Лиза, қос Ләззат әр­қайсысы 30 шақты сиырды сауып, бір жыл бо­йы еңбекке ысы­­лады. Бойжеткеннің ар­маны орын­далып, Қызыл­орда қала­­сын­дағы меди­циналық училищеге оқу бақыты бұйырып, үш жылдай білім алып, маман ретінде алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы перзентханада бастайды. Содан соң арнайы жолдамамен алыстағы Екібастұз қаласына жіберіліп, еңбекте шыңдала түседі.

Медициналық қыз­меттің ауырлығын, жауап­кершілігін сезініп, ал­ғашқы жылдары-ақ тә­жірибе жинақтаған жас маман туған жерге оралып, Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы амбула­торияға акушерка болып орналасады.

– Алғаш жұмысқа келгенімде амбулаторияның меңгерушісі білікті дәрігер Асылбек Қаражанов болатын. Ауылға қарасты учаске көп болғандықтан, акушерка Алтын Тасбергеновамен бірге Әйтек, №9, №8 разъездегі тұрғындардың, әйелдердің денсаулық жағдайын қадағалаймыз. Ол жылдары аудандағы білікті басшымыз, марқұм Әбілғазы Мереевтің мол тәжірибесіне сүйенетінбіз. Ауылға қарасты амбулаторияға есепке бір жылдың ішінде босанатын 40-қа жуық әйел адам тіркеледі. Туу жасындағы әйелдердің саны да қазіргідей емес, көп болатын. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Алынатын қан талдамалары мен түрлі анализдерді аудан орталығына жеткізу, уақытылы ем-шара жасау барлығы қажырлы еңбекті талап етті, – дейді бүгінде зейнетке шыққан байырғы акушерка.

Қай кезде де медицинаға жүктелетін міндет аз болмаған. Соңғы жылдары әйелдер арасында кең таралған жатыр мойны обыры секілді қауіпті аурудың алдын алу үшін ауыл акушеркасы тынбай еңбек етті. Нәтижесінде, әйелдер арасында аурушаңдық ерте анық­талып, науқастардың сауығып кетуі­не жағдай жасалды.

– Ауыл акушеркасы ретінде қырық жыл жұмыс істедім, ризамын. Сондықтан сала жұмысын алға сүйреп, ауыл медицинасына қай кезде де қолдау көрсететін аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсеновке, акушер-гинекологтар Нейлә Әбішева бастаған дәрігерлер Марал Ноғайбекова, Эльвира Ғалымоваға айтар алғысым мол. Қай кезде де білмегенімізді үйретіп, мезгілсіз соғылған қо­ңырауға жауап беріп, жөн сілтеп, алаң­даушылық, жанашырлық білдіреді. Осы уақыт ішінде ауыл дәрігері Гүлжан Орыс­бай­қы­зымен бірлесіп атқарған жұмысымыз үшін де ал­ғысым шексіз. Денсаулық сала­сының ауыр жүгін арқалап жүрген дәрігерлерге абырой тілеймін, – дейді Ғалия Төреханқызы.

Арда­гер­лікке абыроймен жеткен акушерка, ақ халатты абзал жан ана мен бала денсаулығы – бүкіл ұлт денсаулығы екенін айтады. Осы күні дені сау ұрпақтың дүниеге келуі дені сау әйелге байланысты екенін, сондықтан қандай да бір дерті бар әйел алдымен денсаулығын түзегені абзал дейді. Әсіресе, әйелдер арасында көп кездесетін қаназдық, бүйрек жеткі­ліксіздігі аурулары мен артериялық гипертензия бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Аталған ауру ана мен бала үшін қауіпті. Бұл дерт дүниеге дені сау бала әкелуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан әйелдер арасында отбасын жоспарлау, келесі баланы дүниеге әкелу туралы кеңес беру акушерканың күнделікті жұмысы екенін кейінгі жас мамандарға айтудан жалыққан емес. Себебі кез келген жаста әйел-аналар сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігі мен қабыну ауруына шалдығады. Сондықтан әйелдер міндетті түрде алдын алу шарасы мен аурудан сақтануды дәрігерлердің, акушерканың кеңесі­мен жүзеге асыруы керек.

Иә, өз саласының білікті маманы еңбектегі зейнетіне жетсе де кез келген уақытта ауыл тұрғындарына көмек қолын созуға дайын. Оның елгезектігі мен шапшаң қимылы шипа іздеген жанға дәрумен секілді. Тәжірибелі акушерка Ғалия Төреханқызының адал еңбегі ескерусіз қалмады. Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, облыс әкімі, салалық кәсіподақ, аудандық аурухана бас дәрігерінің Алғыс хатын алып, еткен еңбегінің жемісі ретінде мерей мәртебесін өсірді.

Ардақты жан өмірлік қосағы Бақтыбай ағамен өмірге екі ұлды әкелген бақытты отбасы. Ерлі-зайыптылар медицина саласынан зейнетке шыққан. Бүгінде екі немеренің сүйікті ата-әжесі атан­ған қос ардагер ауылдың қадір­менділері.


Бибісара ЖАНӘЛІ

27 мамыр 2025 ж. 213 0