Аға медбике

Әкесі Жолдасбек пен анасы Сәрсенкүлдің өмірге әкелген бес перзентінің үшіншісі болып бойжеткен Зина Кенжебекова аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің түлегі. Сол кездегі сегізжылдық мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсуді армандаған болашақ медбике оқуға түсіп, қолына дипломын алады. Оқуды жақсы аяқтаған маман аудандық ауруханаға жұмысқа қабылданады. Бұл өткен ғасырдың 1984 жылы енді. Өзі секілді медициналық училищені бітіріп келген оншақты медбике алдымен біліктілікті арттыру курсына оқуға барады. Қабілеті мол, зерек маман курсты тәмамдап, ең алғашқы еңбек жолын аурухананың терапия бөлімшесінде бастайды. Осы бөлімшенің ем-шара бөлмесінде 25 жыл бойы медбике болып, еңбегінің арқасында абыройға бөленеді.
– Жауапкершілігі мол жұмыста ең алдымен медбикеге қажетті талап ыждағаттылық пен ептілік. Дәрігердің тағайындаған емін ұқыпты орындау, дертіне шипа іздеген науқасқа үміт отын береді. Медбикенің мейірімді қарым-қатынасы мен аялы алақаны, жылы сөзі жаны жабырқаған адамға бірден бір ем болады. Осыған менің ұзақ жылғы еңбегімнің арқасында көзім жетті. Аға ұрпақтан тәрбие көрген біздер Қадиша Орынбаева, Майра Бақтыбаева секілді апайлардан көп нәрсе үйрендік. Сол үшін бұл кісілерге алғысымыз мол. Апайлар өмірлік тәжірибелерін үйретуден жалықпады, біз де өз кезегімізде кейінгі жас мамандарға білгенімізді әлі күнге дейін үйретіп келеміз, – дейді жоғарғы санатты аға медбике Зина Жолдасбекқызы.
Өзінен кейінгі ізін басып келе жатқан әріптестері, бүгінде басқа бөлімшеде қызмет атқаратын Жанат Жұмаділ, Сәуле Арғынбаева соңғы 17 жылдан бері бөлімшенің аға медбикесі қызметін атқарып келе жатқан әріптесі жайлы жылы лебізде. «Зинаның бойында жұмысына деген тиянақтылық, жауапкершілігі өте жоғары, білгенін үйретуден жалыққан емес», деген сөздері шағын ұжымның ауызбіршілігін көрсетсе керек.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында жаңалық пен өзгеріс өте көп. Үнемі біліктілікті арттыру, медбикелерді аттестациядан өткізу, сапалы кадрлармен қамту бүгінгі күннің талабы. Әсіресе науқасты емдеу әдісіндегі өзгеріс, яғни нақты диагноздың өз емдеу хаттамасы болатынын түсіндіру кейде оңайға соқпайды. Көңілі жарымжан, дертіне дауа іздеген науқасқа бұл жайында дұрыс түсіндірудің өзі кейде мүмкін болмайды. Осындайда білікті маманға көп жылғы тәжірибесі көмектеседі. Яғни, саламатты өмір салтын ұстану арқылы, дұрыс тамақтану кез келген аурудың алдын алады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағида Зина Жолдасбекқызының ұстанымына айналған.
– Күні бойы екі аяқта жүретін медбикелердің жұмысы оңай емес. Осы ретте бөлімшенің меңгерушісі, білікті дәрігер Айгүл Жакупованың еңбегін атап өткім келеді. Әріптестерінің ғана емес емделушілердің алғысына бөленген ақ халатты абзал жанның кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеті ерекше. Дәрігер күнделікті қызметін таңертеңнен бастап, науқастың жағдайын жіті бақылап, сауығып кетуіне барын салады. Ал бөлімшедегі күн тәртібі әріптестерімізбен бірге дене жаттығудан бастау алуы күнделікті дағдымызға айналды. Бұл өз кезегінде күні бойы сергек жүруге көмектеседі, – дейді өз сөзінде аға медбике.
Аурухананың «Терапия» бөлімшесінде қызмет атқаратын аға медбике аурухананың қоғамдық жұмысына да белсене араласады. Мереке күндерін ұйымдастыру, әріптестерімен бірге спорттық іс-шараларға қатысуға да уақыт табады. Ұзақ жылғы қызметінде алғысқа кенелген ақ халатты абзал жанның марапаттары бір төбе. Олардың әрқайсысы адал еңбегіне берілген лайықты баға. Әсіресе соңғы жылдары кеудесіне тағылған «Сырдария аудананың 90 жылдық медалі» мен өзі білім алған Қызылорда медициналық колледжінің 80 жылдық медалі медбикенің мерей мәртебесін одан сайын өсірді.
Бүгінде адал еңбектің маңдай термен келетінін бойына сіңірген медбике қызы Әселге сүйікті ана. Әсел осы күні мұғалімдік мамандығын алып, елге қызметін бастаған жас маман.
Медбикелердің халықаралық күнінде дәрігердің сенімді серігі бола білген мінсіз қызмет иесіне ұзақ өмір, қажымас қайрат тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ