Шаттыққа бөлейтін көңілді жаз

Аудан басшысы лагерь аумағын аралап, балалардың демалуына арналған нысандардың жай-күйін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және санитарлық жағдайын қарап шықты. Сонымен қатар лагерьді дайындауға жауапты мамандармен кездесіп, алдағы маусымға қойылатын міндеттерді атап өтті.
– Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды қатаң тапсырды. Осыған орай, балалардың жазғы демалысын басты назарымызда ұстауымыз қажет. Олардың уақыттарын тиімді ұйымдастырып, каникул кезінде сауықтыру шараларымен қамтамасыз ету керек. Лагерьде барлық қолайлы жағдай жасалып, тамақтану, қауіпсіздік пен тәрбие жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысына осыған дейінгі атқарылған жұмыстарды «Жалын» сауықтыру және тынығу лагерінің директоры Әділбек Бәйменов таныстырды.
Расында, жазғы тынығу лагерлерінің баланың қарым-қабілетін дамытуда, шығармашылық әлеуетін арттыруда өзіндік ықпалы зор. Бүгінде Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі тарапынан балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Биыл 1 маусым-12 тамыз аралығында «Жалын» лагері 6 ауысым бойынша жұмыс жасап, әр ауысымда 116-120 баладан қабылданады. Яғни, 691 бала аудандағы лагерьде жазғы демалысын қызықты өткізеді. Тоғыз топқа бөлінетін балаларға 1 аға тәлімгер мен 9 тәрбиеші бекітіледі.
Айта кетейік, «Жалын» сауықтыру және тынығу лагеріне көркейту-көгалдандыру, тұрғын үй мен асханаға жөндеу жұмысы жүргізілді. Гүл егетін орын әзірленіп, 300-ге жуық гүл мен 400 ағаш көшеті және қаламше егілді.
Сонымен қатар мектеп жанындағы жатын орынсыз ұйымдастырылатын лагерьде 2927 бала, жатын орынмен 846 бала тынығады. Ал көркейту-көгалдандыру топтарында 1609 бала, экскурсиямен 1361 бала, мектеп жанындағы шатырлы және киіз үйлі лагерьде 1018 баланы қамту жоспарланған.
Жалпы жыл сайын аудан бойынша балалар еліміздегі бірнеше қаладағы лагерьде тынығады. Атап айтқанда, демеушілік есебінен 100 баланы өзге өңірлерде тынықтыру көзделген. Республикалық «Балдәурен» лагерінде 65 оқушының тынығуына квота бөлінді. Қазіргі уақытта аудан бойынша 7 бала Щучинск қаласында, 9 бала Түркістан облысында демалуда.
Шын мәнінде, әрбір баланың қауіпсіздігін ескеріп, жазғы демалысты ұтымды ұйымдастыру – күн тәртібінен түспейді. Кез келген ата-ана көзінің ағы мен қарасын сала мамандарына сеніп тапсырады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ