Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тынығу маусымы қалай өтеді?

Тынығу маусымы қалай өтеді?

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге­ барамыз» деп қазақтың ақыны Жұмағали Саин жырлағандай, балалардың асыға күт­кен жазғы демалысы да әне-міне дегенше басталғалы тұр. Үш ай бойы балалар демалысын дұрыс ұйымдастыру – ең алдымен ата-анаға жүктелген міндет. Сонымен қатар жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға ауданның білім саласы да жауапты.

Сырдариялық балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық білім беру бөлімі тарапынан ауқымды іс-ша­ралар жоспарланған. Іс-шара жоспарына сәйкес, ең бастысы жазғы демалыста балалардың сауықтырылуына аса мән беріледі. Сонымен қатар тынығу, саяхаттау, танымдық іс-шаралар жоспарға енгізілген. Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков әң­гімелеп берген болатын.

– «2020-2023 жылдардағы каникул кезеңінде балаларды са­уықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімін орындау мақсатында Сырдария ауданы бойынша жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру жұмыстары жүр­гізілетін болады. Оқу жылында 1-10 сынып аралығында 7829 бала оқыса, жаз мезгілінде көркейту, көгалдандыру топтарында 1300 бала, аулалық клубтарда 300 бала, экскурсиялар, жорықтарға 880 ба­ла тартылады.

Ал, аудандық «Жалын» сауықтыру лаге­ріне 681 бала, мектеп жанындағы тамақсыз ұйымдастырылатын лагерде 4665 бала жазғы демалыспен және сауықтыру жұмыстарымен, жалпы 7510 бала, яғни 96% қамтылады деп жоспарлануда. 2023 жылы 1 маусым мен 13 тамыз аралығында «Жалын» сауықтыру лагері 6 ауысым бойынша жұмыс жасап, әр ауысымда 113 баладан қабылдану жоспарлануда. Келетін тынығушылар ауданның 17 мектебі бойынша жинақталып, әлеуметтік жағдайы орташа, төмен, толық емес отбасы, жартылай жетім, аз қамтамасыз етілген отбасы, көпбалалы балалар тынығуға келетін болады. Лагерь бойынша тынығушылар 8 топқа бөлініп, әр топтың тынығушыларымен 1 аға тәлімгер, 8 тәрбиеші жұмыс жасайды, – дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ аудандық Оқушылар үйінен «Көр­кем сурет», «Киімді модельдеу және дизайн», «Жас шахматшылар», «Халық биі», «Тен­нис», «Робототехника» үйірмелері лагерь ұжымымен бірлесіп жұмыс жасайды. Со­нымен қатар әр ауысым бойынша лагерь тынығушылары мәдениет және спорт бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасал­­мақ. Бұл балалардың шығарма­шылық әлеуе­тін арттыруға көмегін тигізері сөзсіз.

Бөлім басшысының айтуынша, балалардың демалыс маусымын тиімді ұйымдастыру мақ­сатында ағымдағы жылдың көктем айларында лагерьде көркейту-көгалдандыру, арам шөптерді отау, ағаш әктеп әрлеу, жануар мүсіндерін қалыпқа келтіру, спорт ойын алаңына тазалық жұмыстары жүргізілген.

Кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагері 1988 жылдан бастап жұмыс істейді. Лагерь типтік негізде орналастырылған. Онда барлығы 13 ғимарат бар, оның 8-і жатын ғимарат, 1-еуі қызметтік, 1-еуі дәрігерлік пункт, 1-еуі шаруашылық, 1-еуі жылыту қазандығы және 130 орындық асхана бар. Жыл сайын лагерьдің жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.

«Жалын» сауықтыру лагерінде 6 ауысым бойынша балаларды демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында №35, 36, 131, 210, 135, 137 мектептер жауапты болып бекітіл­ген. Аталған мектептерден 3 тәрбиеші, 1 дене шынықтыру маманы, 1 педагог-психолог, 1 су­да жүзу маманы, 1 музыка жетекшісі, 4 еден жуушы, 1 сантехник және 1 электрик маман шақыртылады. Қалған 11 мектептен тиісті бөлініс бойынша тәрбиешілер шақырту жоспарланған.

Өткен жылы Алматы қаласындағы «Тау жанашар» лагерінде 100 бала демеушілер есебінен тынығып келген болатын. Биыл шілде айында «Қамбаш» лагерінде демеу­шілер есебінен 100 баланы демалдыру жос­пар­ланған.

2023 жылы 880 бала Түркістан, Қорқыт ата кесенесі және қалалық музейге экскурсия­лармен қамтамасыз етілгенін де айта кетейік.

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 мамыр 2023 ж. 316 0