Оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады?
Сырдария аудандық білім бөлімінің айлық жоспарына сәйкес №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде «Жазғы маусымда балалардың демалысын, сауықтыруды тиімді ұйымдастыру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Семинар-кеңеске Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары, аудандық аурухана медбикесі, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен лагерь басшылары және мектеп медбикелері қатысты.
Іс-шара «Балдырғанның бал күні» сахналық қойылымымен ашылды. Аудандық білім бөлімі басшысы Берік Жәнібеков алдағы тынығу маусымында «Жалын» сауықтыру лагерін және мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерлерінің жұмысын сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын айтып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты А.Мұхтар жазғы тынығу лагерьлеріндегі өрт қауіпсіздігі ережесімен таныстырып, өрт болған жағдайда атқарылуы тиісті жұмыстар жайлы айтты. Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік шаралары, суға кеткен адамды құтқару тәсілдері, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай орын алғанда автоматты дабыл қондырғысын қағу ережесін түсіндірілді.
Сырдария аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы А.Құлмағанбетов «Балалардың сауықтыру және санаторий обьектілеріне қойылатын санитарлық –эпидемиологиялық талаптар туралы» хабарлама жасап, санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығымен таныстырды. Семинар барысында жазғы сауықтыру лагерьлердегі санитариялық қағида талаптарын сақтау, атап айтқанда, тамақтану, медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша айтылды.
Сонымен қатар, семинар кеңес барысында №35 мектеп-лицейдің шығаршашыл ұжым ұстаздары түрлі тақырыптарда сыныптан тыс жұмыстар мен шебер сынып сағатын, қызықты коучинг және оқушылардың танымдық қабілеттерін ашу сабақтарын көрсетті. Қолөнер үйірмесі мүшелерінің «Жүннен сурет салу», «Тігіссіз құрақ» өнері, өру техникасы, «Мозайка» техникасы арқылы жасаған өнімдерін таныстырса, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері «Жазғы лагерь көңілді» тақырыбында спорттық эстафеталық ойын ұйымдастырды.