Самал Жұмабекова, Түркияның Османгази университетінің докторанты: Ақпараттық дәуірдің игілігі: әлемдік білім мен ғылымға жол кеңейді

– Әрине, киелі туған елім қай жерде жүрсем де жүрегімнің түкпірінде. Ақпарат айдынындағы өзіндік орны бар аудандық газет оқырмандарының ыстық ықыласына рақмет. Туған жерге деген сағынышым еш уақытта ұлғаймаса, басылған емес. Өзім жайлы айтсам, Тереңөзек кентінде 1992 жылдың шуақты тамызында дүние есігін аштым. 1999 жылы кент орталығындағы О.Әбілпаттаев атындағы №210 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған сәт – өмірімдегі үлкен белес еді. Алғашқы ұстазым – Гүлайым Әбдіомарова. Ол кісі әр әріптің сырын үйретіп, жазудың, оқудың ғана емес, адам болудың алғашқы әліппесін жүрегімізге жазып берді.
Ұстаз – тек білім беруші емес, ол – өмірлік бағдаршам. Сол кездегі мектеп директоры Әсем Мәлікқызы бастаған ұжымның шәкірт тәрбиелеудегі адал еңбегі менің таным әлеміме жарық түсірді. Сынып жетекшім Құралай Бөлегенова – шәкірт жүрегіне жол таба білді. Оның мейірімділігі мен талапшылдығы бізді белес пен биікке жетеледі. Ал математика әлеміндегі логика мен дәлдікті үйреткен Ақманат Бижанова ұстаз ғана емес, парасат пен пайымдылықтың үлгісіне айналған тұлға. Шет тілінің терезесінен дүниеге көз аштырған – ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлзира Жолмаханова, тарихтың тереңіне жетелеген Айгүл Тәжібаева, сөз қадірін ұқтырған Маржан Отарбаева, ғылымға ғашық еткен биология мен химия пәні мұғалімі Әйгерім Әлиева, көркем сөздің иірімдерін үйреткен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Сансызбайқызы және де атын атап үлгермеген өзге де аяулы ұстаздарымның қосқан үлесі өлшеусіз. Олардың әрқайсысы менің таным көкжиегімді кеңейтіп, ішкі сенімімді қалыптастырды.
7-сыныптан кейін білімге деген құштарлығым мені Қызылордадағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына жетеледі. Физика-математика бағытындағы сыныпқа қабылдандым. Менің ғылымға бет бұруымның алғашқы нақты қадамы осы мектепте басталды. Таңнан кешке дейін мектеп ішіндегі түрлі үйірмеге қатысып, зерттеу жасап, ғылыми тәжірибе жүргіздік. Жетекшілерімнің бағыттауымен зерделеуге, сұрақ қоюға, ізденуге үйрене бастадым. Сол кездегі мектеп директоры Шынәлі Байділдаев және жалпы білімге, ғылымға құштарлығымды арттырған барша ұстаздарыма алғыстан басқа айтарым жоқ.
Сырдың самалымен тербелген туған өлке менің жүрегімде тек туған топырақ емес, тұтас бір естеліктер галереясы, жанымның тамырына айналған. Қасиетті топырақтан түлеп ұшып қазіргі таңда Түркияның шежірелі шаһары – Ескішехирде, Османгази университетінде докторантура бойынша білім алудамын.
– Жалпы ғылым жолына түсуіңізге не себеп болды?
– Бала күнімде әлем мен үшін – шеті мен шегі жоқ тылсым ғалам секілді еді. Әр затқа үңілу, әр құбылысты өзімше түсінуге тырысу сүйікті ісім болатын. Үйдегі істен шыққан, ескі магнитофон ба, теледидар ма бәрі бала қиялым үшін сыр бүккен сандық секілді көрінетін. «Мұның ішінде не бар екен?», «Қалай жұмыс істейді?» деген сұрақтар санамды мазалап, талай құрылғыны бұзып та көргенім бар. Сол кезде техникадан ғылымның дәмін сезіп, тұрмыстық заттардың ар жағынан «әлемдік жаңалық» іздеп жүріппін. Шексіз қызығушылық сезімі мені бүгінгі күнге дейін жетелеп келеді, тек формасы өзгеріп, мазмұны тереңдеді.
Уақыт өте келе зерттеуге деген ұмтылысым темірдің тіліне емес, адамзаттың тіліне – сөздің, ойдың, рухтың тереңіне бет бұрды. Сөз – халықтың жанын, тарихын, тағдырын, мәдениетін, болмысын сақтайтын алтын арқау болса, тіл – ұлттың жүрегі, оның мәңгілік жадындағы үні. Сондықтан да ылғи айтамын: ғылымға келуім кездейсоқтық емес, бұл – бала күнімнен бойыма сіңген сұрақ қою дағдысының, тынымсыз ізденістің, әрі ата-анам мен ұстаздарымның шексіз сенімінің нәтижесі. Олар менің әрбір талпынысыма демеу болып, «неге?» мен «қалай?» деген сұрақтарға жауап іздеуге үйретті.
– Болашақ ғалым ретінде неліктен түркітануды таңдадыңыз? Бұл ғылымның қандай ерекшелігі бар? Зерттеу барысында қандай жетістікке жетуді мақсат етесіз?
– Бір ұлттың рухани өзегін, жүрегінің лүпілін түсінгің және жан дүниесіне тереңдегің келсе – алдымен оның тіліне үңіл дейді ғой дана жұрт. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың жадындағы шежіре, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен үн мен уәж, тарих пен тағдырдың тіні. Менің түсінігімде, түркітану – бұл бір ғана ғылым емес, ол – тұтас бір өркениеттің тынысын сезіну, көне жазулар мен жырлар арқылы өткенмен тілдесу, бай рухани мұрамызды жүрекпен ұғып, көзбен тану. Қазіргі таңда қолға алған ғылыми-зерттеу тақырыбым – Алаш әдебиеті мен түрік ұлттық әдебиетін ұлттық бірегейлік тұрғысынан салыстырмалы түрде зерделеу. Бұл зерттеу әдеби параллельдерді іздеуден бұрын, екі түрлі мемлекетте өркендеген ұлттық сана мен көркемдік дүниетанымның тамырластық деңгейін түсінуге бағытталған.
Алаш әдебиеті – бодандық бұғауын үзіп, ұлтты оятқан, рухты тірілткен, азат ойдың жалауын алғаш болып желбіреткен зиялылардың үні. Түркиядағы ұлттық әдебиет бір империяның соңғы демінен бастау алып, жаңа мемлекеттіліктің рухын, тілі мен ділі арқылы сомдаған тарихи-мәдени құбылыс. Екі әдеби үдеріс те XX ғасыр басындағы ұлт тағдырын сөз арқылы қорғады, бірегейлікке ұмтылған халықтың жан айқайын көркем мәтінге айналдырды. Менің мақсатым – осы екі әдеби кеңістіктегі ұқсастық пен айырмашылықты салыстыра отырып, ұлт концептісінің көркем бейнесін, тарихи жадының ізін, рухани кодтың үндестігін ғылыми тұрғыда ашып көрсету.
– Шетелде оқып жатқан түлек ретінде айтыңызшы, бүгінгі күнде жастардың шетелде оқуы қаншалықты қолжетімді? Қандай кеңес берер едіңіз?
– 2014 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін қызыл дипломмен тәмамдадым. Төрт жылдық білім мені тоқмейілсіткен жоқ. Керісінше, бұл таным кеңістігінің енді басталғанын ұқтырды. Жергілікті біліммен шектелмей, шет елдің оқу жүйесіне, ғылыми ортасына бойлағым келді. Ізденістің арқасында Түркия Республикасының шетелдік студенттер мен зерттеушілерге арналған мемлекеттік бағдарламасы – Türkiye Bursları стипендиясына құжат тапсырдым, сұхбат кезеңінен сүрінбей өттім. Осылайша, көне өркениеттің ордасы Измир қаласындағы Докуз Эйлюль университетінің магистратура бағдарламасына қабылдандым. Бұл оқу ордасында екі жыл бойы әлемде мойындалған профессорлардан, ғылымға ғұмырын арнаған ғалымдардан дәріс алдым. Магистратураны үздік аяқтаған соң, тағы да аталмыш бағдарламаға құжат тапсырып, докторантура бағдарламасына грант негізінде қабылдандым.
Бүгінде шетелде оқу – талаптанған әр жанға ашық мүмкіндік. Ақпараттық дәуірдің игілігі арқасында әлемдік білім мен ғылымға қол жеткізу жолы кеңейді. Қаржысы, гранты, бағдарламасы, стипендиясы – бәрі бар. Бірақ мәселе мүмкіндікте емес, жүректің қалауында. Себебі шетелге оқу үшін бару – география ауыстыру ғана емес, ішкі кеңістігіңді сынау, өз болмысыңды қайта тану, жаңа ортада мүлде жаңаша тыныс алу деген сөз. Менің басты кеңесім – берілмеңіз. Жат ел емес, жаңа мүмкіндік деп қараңыз. Әрбір елдің есігі тек академиялық үлгеріміңізге емес, табандылығыңызға, тұлғалық болмысыңызға да ашылады. Қазіргі таңда Türkiye Bursları, Mevlana, Erasmus+, DAAD, Fulbright, Bolashak, Chevening сияқты сан алуан бағдарлама бар. Ізденген адамға мүмкіндік жетеді. Тек өз арманыңыз үшін күресуден жалықпаңыз. Тағы бір маңызды кеңесім – тіл үйреніңіз. Ағылшын, түрік, неміс, француз... – қайсысы болса да, әлеммен диалог орнатудың кілті. Тілді білу – тек сөйлесу ғана емес, ойлауды өзгерту, әлемді басқа көзбен көру мүмкіндігі.
– Сіз қанша тілді меңгергенсіз?
– Бүгінде мен төрт тілде еркін ойланып, жаза аламын: қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілі – күнделікті өмірім мен ғылыми ізденістерімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Әр тіл – өз алдына бір әлем. Тілмен бірге сол ұлттың дүниетанымы, болмыс-бітімі, рухани жүгi жүрекке сіңе бастайды. Қазақ тілі – өзегім, тамырым. Ал ағылшын, түрік, орыс тілі көпқырлы әдеби, философиялық, ғылыми мәтіндерді түпнұсқада тануға мүмкіндік береді. Бұл тілдерді меңгеру арқылы тек сөздік қорымды ғана емес, таным көкжиегімді, ойлау қабілетімді, қабылдау кеңістігімді, рухани ауқымымды да кеңейттім. Олар арқылы мен әлемді түрлі призмадан көремін, әрі өзімнің де басқа қырымды ашамын, ішкі болмысымды жаңартамын.
– Соңғы оқыған кітабыңыз?
– Соңғы оқыған туындым – ағылшын жазушысы Мэтт Хейгтің The Midnight Library (Түн ортасындағы кітапхана) романы. Роман әдебиет пен психологияның түйіскен тұсында тұрған, адам болмысының көлеңкелі тұстарын жарыққа шығаратын терең философиялық шығарма. Бұл туынды – өмір мен өлім арасындағы бір мезетте басталатын ішкі сапар, адам жанының ең ұмыт қалған иірімдеріне үңілуге шақыратын үнсіз диалог. Романдағы басты кейіпкер шексіз мүмкіндіктер кітапханасына тап болады – әр кітап оның бір таңдауының нәтижесінде қалыптасқан балама өмірі. Автордың тілдік құрылымы қарапайым болғанымен, көтерген тақырыбы – экзистенциалды деңгейде салмақты. «Не болар еді егер?..» деген мәңгілік сұрақтың астарында адамның таңдауға деген жауапкершілігі, өкініш пен үміттің диалектикасы, болмыс пен мән ізденісі жатыр. Бізге кейде тоқтау, ойлану, өзімізбен сырласу керек. Мэтт Хейг оқырманды өзімен-өзі бетпе-бет қалдырып, әркімнің ішкі кітапханасына үңілуге жетелейді. Бұл кітап – жай оқылатын емес, ішкі үнге құлақ қоюға мүмкіндік беретін шынайы шығарма. Әр беті – өз өміріңе қайта қарап, үнсіз тоқтау салатын ішкі айна іспетті.
– Осы уақыттағы қол жеткен ең үлкен жетістігіңіз?
– Жетістік ұғымы әр адамның ішкі өлшеміне байланысты өзгеше өрілетін құбылыс қой. Бірі үшін атақ пен марапат, биік лауазым мен жарқыраған медаль болса, мен үшін жетістік – өмірде өз орныңды адаспай табу. Иә, осы уақытқа дейін жүріп өткен жолымда түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіске жетіп, ғылыми жобалармен көзге түсіп, марапат иелендім. Алайда менің ең үлкен жеңісім шынайы «менімді» табуым деп ойлаймын. Құлай сүйіп істейтін ісіммен айналысуым, жаныма жақын адаммен тағдырды тоғыстыруым, ана болуым – бұл менің өмір атты лотереядағы ұтқан ең үлкен жүлдем.Ғылымда да, қоғамдық кеңістікте де жүрегім сенген, жаным қалаған жолмен келе жатырмын. Бұл ішкі үйлесімділік кез келген жетістіктен де маңызды, сыртқы салтанаттан да биік. Әрине, әлі алынбаған асу, бағынбаған белес алда. Себебі адам баласы мәңгілік ізденісте. Ізденіс тоқтаған сәтте өсу де тоқтайды. Сондықтан әр таңды жаңа мүмкіндік деп қабылдап, жүрекке сеніп, алға ұмтыла беремін. Өйткені менің жолым – өзімнің шынайы болмысыммен үндес жол.
– Ең қуанышты сәтіңіз? Өкінген кезіңіз болды ма?
– Менің жүрегімде сақталған бақытты шақ, қуанышты сәт аз емес. Бірақ ерекше есімде қалғаны – 2016 жылы Түркия Республикасы көлемінде бакалавр, магистратура және докторантура деңгейінде оқып жатқан шетелдік студенттер арасынан үздік атанған күнім. Анкара төрінде, салтанатты рәсімде, Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлуның арнайы құттықтап, айтқан жүрекжарды лебізі үлкен мәртебе болды. Сол сәтте өзімді жеті қат көктің үстінде қалықтап тұрғандай сезіндім. Дегенмен қуаныштың ең мөлдір, ең аяулы сәті – қос бүлдіршінімді алғаш құшағыма алған кез. Ол сәтте мен жай ғана ана атанған жоқпын, қайта тудым. Олардың көзінен болашақты көрдім, олардың тынысынан өмірдің жаңа мағынасын таптым.
Өткен өміріме шегініп көз салсам, өкініштен бұрын ризашылық сезімі басым. Өкініп «әттеген-ай» деген сәттерім жоқ екен. Бәрі өз орнымен болғандай. Әр шешім – бір сабақ. Қателік – ұстаз. Өкінудің орнына, сол сәттен өмірге деген көзқарасымды тереңдете түскеніме ризамын. Себебі мен әр таңдаудан өз жолымды таптым.
– Түріктер мен қазақ ұлтына ортақ құндылықтарды атап өтсеңіз?
– Тамыры бір топырақтан тараған халықтардың жүрек соғысы да, рух үндестігі де ортақ. Қазақ пен түрік халқы ғасырлар көшінде бір-бірінен алыстаса да, рухани тұрғыдан ажырамаған, тарихи жадымен байланысы үзілмеген, құндылықтары біте қайнасқан бауырлас жұрт. Біріншіден, қазақ пен түріктің ортақ тілдік қоры – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұра. Екі халықтың күнделікті қолданысындағы жүздеген сөз бір атадан қалған аманат секілді. Бұл – лексикалық деңгейдегі ортақтықтың терең көрінісі. Екіншіден, қазақ пен түріктің дәстүрлік өмір салты үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету, дастарқан жайып, қонақ күту, бата беру, отбасы қадірін ардақтау секілді құндылықтармен өрілген. Үшіншіден, тағы бір ортақ құндылығымыз – әдебиетіміз бен мәдениетіміз. Алыптар дәуірінен жеткен Күлтегін жазбалары, Қорқыттың философиялық пайымдары, Абайдың рухани әлемі – екі елге де ортақ рухтың шежіресі.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз? Ата-анаңыздан қандай қасиет бойыңызға дарыды деп ойлайсыз?
– Мен тамыры тереңге бойлаған, құндылығы мызғымас, тағылымы мол әулеттің перзентімін. Отбасым – рухани ұстаханам, болмысымның бастауы. Әкем – Әли Бермағанбетов, кәсібін адал еңбегімен өрістеткен табанды кәсіпкер. Ол кісіден төзім мен тұрақтылықты үйрендім. Анам – Гүлжан Нұрышова, саналы ғұмырын адам өміріне араша болуға арнаған, облыстық жедел жәрдем станциясының 11-бөлімшесінде фельдшерлік қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан. Анамнан өмірдің шұғыл сәттерінде салқынқанды шешім қабылдауды, шексіз жанашырлықты бойыма сіңірдім. Үлкен әпкем Гүлнұр – биология ғылымының қыр-сырын шәкірттеріне сіңіріп жүрген ұстаз. Інім Асқар – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде магистратурада білім алып жатқан жас ғалым. Ата-анамыз біздің білім алуымызға, тұлғалық кемелденуімізге барын салып, ештеңесін аямады. Олар бізге шексіз сенім мен өлшеусіз сүйіспеншілік сыйлады, әлі де сыйлап келеді. Сүрінгенде сүйеу, ізденгенде демеу бола білді. Ізденістің – өрге шығаратын күш, табандылықтың – адам болмысының тірегі екенін бойымызға сіңірді. Мақсаттан тайынбау, еңбекті ерлікпен тең санау – бізге ата-анамыз дарытқан ең асыл қасиеттің бірі. Олар бізге тек өмір сүріп үйренуді емес, өмірді мәнмен өрнектеуді, мағынасын іздеп, ар мен парасат биігінен тануды үйретті. Сол тағылым – бүгінде біздің адами һәм кәсіби болмысымыздың алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиесіндегі темірқазыққа айналды.
Қазір мен де бір шаңырақтың ұйытқысы, қос ханшайымның анасымын. Жолдасым Қуаныш Жұмабекұлы – лингвистика мамандығы бойынша философия докторы (PhD). Бір салада қызмет ететініміз – ғылыми ізденісімізге де, тұрмыстағы түсінігімізге де үйлесім мен жарасым әкелді. Біз үшін ғылым – кәсіби жол ғана емес, ортақ құндылық, ортақ мақсат. Бүгінге дейін бірлесе жазған үш еңбегіміз – сол рухани одақтың жемісі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ