Ұлт руханиятының темірқазығы

– Анар Сражадинқызы, өзіңіз басқаратын саланың атқаратын қызметі зор. Аудан көлемінде мәдени-көпшілік іс-шараның барлығында өздеріңіз жүресіздер. Ең алдымен, бөлімнің құрылымдық бөлінісін, атқаратын қызметін айта кетсеңіз...
– Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, тілдер және ономастика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Театр, музыка және мәдени-демалыс қызметi мен халық шығармашылығын және кiтапхананы дамыту бойынша ауданның мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының қызметiн үйлестiредi. Шығармашылық қызметтiң түрлi салаларында облыстық, аудандық (өңiрлiк) байқау, фестиваль және конкурс өткізуді ұйымдастырады. Ауданның мәдени құндылықтарын есепке алу, қорғау, реставрациялау, сондай-ақ пайдалану, елдiң көрнектi мәдениет қайраткерлерiн мәңгi есте қалдыру жөнiнде ұсыныстар енгізеді. Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді. Мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады. Ауданның ономастика мәселелері бойынша жұмысшы тобының қызметiн қамтамасыз етедi. Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз етеді. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарға бақылау жүргізеді. Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты бақылайды. Бүгінде бөлімде 8 маман жұмыс жасайды. Оның ішінде, бас мамандарымыз, мәдениет саласының майталмандары Жеңісбек Төрәлиев, Ақбота Асанова, әдіскерлер Ержан Олжабаев, Гүлжауһар Жалғасова, Болат Маханбетов, Әсел Қошпанова, Гүлзат Исмайлова бар. Сонымен қатар көлік жүргізушісі Ғабит Жансымақов өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқаруда. Әрбір сала маманының біліктілігі жоғары, жұмысты ұтымды ұйымдастыруда, саланы жан-жақты жетілдіруде тәжірибесі мол.
– Бүгінде аудан көлемінде мәдениет саласымен айналысатын қанша мекеме бар? Аталған мекемелерде жұмыс жүйелі жүргізіле ме?
– Сырдария ауданы халқына мәдени қызмет көрсету мақсатында 34 салалық мекеме құрылған. Жалпы 16 мәдениет үйі мен клуб, 1 жылжымалы мәдени-демалыс кешен, 17 кітапхана бар. Сонымен қатар, 14 Халықтық ұжым жұмыс жасауда. Аудан бойынша мәдениет саласында 280 қызметкер мен жұмысшы жұмыс жасайды. Іргелі ұжымда «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, ҚР Мәдениет министрінің Құрмет грамотасы, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатының иегері атанған мамандарымыз бен ардагерлеріміз жауапкершілік сезініп, қызмет етуде. Осы күні аудан көлемінде 135 үйірмеге 1791 өнерпаз қатысады. Аудан өнерпаздары есепті кезеңде 128 халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауға қатысып, 238 жүлделі орынды жеңіп алды. Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша 12 айда 1436 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 143721 көрерменмен қамтылды.
– Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауында екені белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда?
– Сырдария ауданы бойынша 58 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде, 4-еуі республикалық маңызы бар Мүлкүлән, Сырлытам, Асанас, Қожан қожа кесенесі бар екенін айта кетейін. 14 жергілікті маңызы бар және 42 ескерткіш алдын ала тізімге алынған. 58 ескерткіштің 15-і археологиялық, 43-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді. Былтыр Іңкәрдария ауылында орналасқан Мүлкүлән кесенесіне 24,5 млн теңге, Айдарлы ауылындағы Асанас кесенесіне 14300 мың теңгеге және Қожан қожа кесенесіне 14700 мың теңге қаржы бөлініп, реставрация жұмысы жүргізілді.
– Мәдениет ошақтарының материалдық базасын кеңейтуге бағытталған жұмыстардың басым бөлігін айтасыз ба?
– Бесарық ауылдық мәдениет үйіне 18727 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті заттар алынып, демеуші есебінен күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға аудандық бюджеттен 87909,7 мың теңге қаржы қаралды. Аудандық мәдениет үйіне 38296,2 мың теңге қаралған болатын. Қаралған қаражат есебінен аудандық мәдениет үйінің материалдық базасы жаңартылды. Барлық ауылға тиісті қаржы бөлініп, жоспарлы жұмыс тиісінше жасалуда.
– «Руханият орталығында» орналасқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметі сан тарапқа бөлінген бе?
– Кітап пен кітапхана тіршілігіне дем беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы дәнекер болып бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мамандық иесі – кітапханашылар екені даусыз. Бүгінде кітапханаға тәжірибелі басшы Айбек Қонысбаев жетекшілік етеді. Қазіргі уақытта кітапханада 41 адам жұмыспен қамтылған. Ауылдық жерлерде кітапханалар тұрақты түрде халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Іргелі ұжымда балалар кітапханасы, әдістемелік-библиографиялық, оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің жұмысын сала мамандары жан-жақты үйлестіруде. Құрылымдық тұрғыдан сала мамандары кітап қорын цифрлы түрге көшіруге атсалысуда. Жақында жерлесіміз, ақын Сейфолла Оспан өз кітапханасынан 2000 кітапты ұжымға тапсырды.
– Салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр ма?
– Өткен жылы аудандық мәдениет үйі жанынан «Ұлағат» әкелер және мәдениет саласының ардагерлерінен құрылған «Алтын қазына» ансамблін құрдық. Сонымен қатар алдағы уақытта атқаратын ауқымды бірқатар жобамыз жарыққа шығады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ