Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев есепті кездесулер аясында Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Аудан басшысы кездесу барысында аймақ бойынша атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді атап көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынуда. 2025 жылы қыркүйек айында аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында жақында ғана Катар еліндегі іссапарда үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 6 білім ордасы пайдалануға берілді. 4 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқы 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Соңғы 3 жылда 670 млн. теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінде ауыз су желілері жаңартылды. Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов және Н.Ілиясов елді мекендерін газдандыру жобасы толық аяқталды. Аудан орталығында құны 1,5 млрд. теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында құны 241,1 млн. теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекеніндегі медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті.

Есепті кездесулерде тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда болатынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

16 мамыр 2025 ж. 195 0