Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің есепті кездесулері өтті

Аудан әкімінің есепті кездесулері өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов және Шаған ауылдық округтерінің халқымен кездесіп, Сыр өңірінде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Кездесулерге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биылғы жылы өңірде 5,3 млрд. теңгеге 13 жоба жүзеге асырылуда. Келесі жылы өңірді таза ауыз сумен қамту 100 пайыз шешіледі. Бүгінгі таңда өңірімізде 43 млрд. 300 млн. теңгеге ұзындығы 300 шақырымнан аса автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Осылайша, облыс аумағындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 92 пайыздан асады. Құны 30 млрд. 500 млн. теңгеге елді мекендерді газдандыру бойынша 20 жоба іске асуда. Жыл соңына дейін өңірдің газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жетеді. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Аймақтағы электр энергия тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын 215 млрд. теңгеге жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 115 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Өңірде құны 123 млрд. 400 млн. теңгеге 81 әлеуметтік нысан салынуда. Құны 58 млрд. 900 млн. теңгеге 332 мың шаршы метрді құрайтын жаңа 452 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Биыл аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Бесарық елді мекендерінде барлығы 20 шақырым жол жөнделді. Осы жылы Шаған ауылында электр желілерімен жабдықтау жұмыстары аяқталса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жобасы басталды. Халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін Тереңөзек кентінде 10 көшенің, Шаған және Аманкелді ауылында 6 көшенің су құбырлары жаңартылды. Сонымен бірге, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендеріне 4 су мұнарасы жаңадан орнатылды. Аймақ басшысының тапсырмасымен құны 1,7 млрд. теңгеге Шаған және Н.Ілиясов елді мекендерінде газдандыру жұмыстары биыл басталды.

Есепті жиындарда тұрғындар әлеуметтік, инфрақұрылымдық, білім, денсаулық және басқа салаларға қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды және ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Кездесулер соңында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
05 желтоқсан 2024 ж. 97 0