Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі энергетиктерге мерекелік қабылдау өткізді

Аудан әкімі энергетиктерге мерекелік қабылдау өткізді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев энергетиктер күніне орай сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ең алдымен инфрақұрылымдық жұмыстар, оның ішінде энергетика саласының дамуына ерекше мән берді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Акса Энерджи» түрік компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдесіз жобалардың бірі. Нысан келесі жылы пайдалануға беріліп, облыстың электр қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасымен оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында аймағымызда құны 800 млрд. теңгеге қуаттылығы 1100 мегаватты құрайтын жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда, «Самұрық Энерго» компаниясы тарапынан Катар елінің инвесторымен келіссөздер жүргізіліп, техникалық экономикалық негіздеме әзірленуде. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданы аумағына салынады. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан 280 гектар жер аумағы бөлінді. Жоба іске асқан уақытта біздің ауданның экономикалық жағдайын көтеруге зор септігін тигізетін болады.

Аймақ басшысының қолдауымен біздің ауданымызда да көптеген жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы 1,6 млрд. теңгеге Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Қоғалыкөл елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Биыл республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлініп, Шаған мен Қалжан ахун елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстардың есебінен ауданның электр жүйесінің тозу деңгейі 77 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік қабылдауда сала ардагерлері мен қызметкерлері облыстың «Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Қабылдау барысында еңбек ардагері Нұрлан Оразбеков, сала ардагері Бағдәулет Сәрсенбай және «Тереңөзек электр торабы» мекемесінің басшысы Нұрлыбек Кәкім әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

22 желтоқсан 2024 ж. 34 0