Аудан әкімі Тереңөзек кенті және Іңкәрдария, Ақжарма, Қалжан ахун ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Аудан басшысы кездесуде аймақ бойынша атқарылған жұмыстарды атап көрсетті.
– Жақында облысымызға Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов келіп, жаңа әуежайдың ашылуына қатысты. Сонымен қатар, Бесарық ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуымен танысып, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл жұмыстар – өңір халқының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болатын. Бүгінде бюджет көлемі 744 млрд. теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Өңірде құны 123 млрд. 400 млн. теңгеге 81 әлеуметтік нысан салынуда. Құны 58 млрд. 900 млн. теңгеге 332 мың шаршы метрді құрайтын жаңа 452 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Бесарық елді мекендерінде барлығы 20 шақырым жол жөнделді. Биыл Шаған ауылында электр желілерімен жабдықтау жұмыстары аяқталса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жобасы басталды. С.Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасын орнатуға аудандық бюджеттен 118 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауданда құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» аясында Тереңөзек кентінде «Руханият» орталығы бой көтеруде. Сондай-ақ, Тереңөзек кентінде құны 464,9 млн. теңгені құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынуда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен аудан орталығындағы 6 тұрғын үй қайта жаңғыртылуда, «Тағзым» алаңы» абаттандырылды және кентке кіреберісте «Жастар аллеясы» салынды.
Есепті кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда болатынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Кездесулерден соң аудан басшысы тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі